
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде саланы кадрлық қамтамасыз ету, медициналық мамандар даярлау және медициналық білім беруді дамыту мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бір айдың ішінде РБЖ 2.0 ақпараттық жүйесіндегі (ресурстарды басқару жүйесі) деректерді өзектендіру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл медициналық кадрлармен қамтамасыз етілу деңгейін объективті бағалауға және кадрлық жоспарлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ведомствоның дерегі бойынша 2026 жылғы 1 қаңтарда еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 276 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 86,5 мыңға жуық дәрігер және 189,5 мың орта буын медицина қызметкері бар.
Сонымен қатар, дәрігер кадрларының ресми тапшылығы 23 161 штаттық бірлікті, ал орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы 22 649 штаттық бірлікті құрайды.
РБЖ2.0 ақпараттық жүйесін енгізу медициналық ұйымдардың нақты кадрлық қажеттілігінің жоғары екенін анықтауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, дәрігерлер бойынша 23 161 бос штаттық бірлік және орта буын медицина қызметкерлері бойынша 22 649 бос штаттық бірлік тіркелген.
Соңғы жылдары кадр тапшылығының біртіндеп азаю үрдісі сақталғанымен, цифрлық құралдар саланың мамандарға деген нақты қажеттілігін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
Өңірлерде мамандарды тұрақтандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Министрлік медициналық кадрларды тарту және ұстап қалу жұмыстарын күшейтуді, оның ішінде әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, мұндай қолдау шараларының тиімділігі медициналық ұйымдардың кадрлық қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді. 2025 жылы әлеуметтік қолдаудың түрлі түрлерімен 1 760 дәрігер қамтылды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары. Оның ішінде мыңнан астам маман ауылдық жерлерде еңбек етеді.
Сонымен қатар, қолдау шаралары жеткілікті деңгейде іске асырылмай отырған бірқатар өңірлерде дәрігер кадрлары тапшылығының өсуі сақталуда.
Сондай-ақ медициналық білім беру ұйымдары түлектерін өңірлерге бөлу, жас мамандармен қамтамасыз ету, олардың жұмысқа орналасуы мен денсаулық сақтау жүйесінде тұрақтап қалуын бақылау күшейтіледі.
Биыл өңірлік бөлу комиссиялары медициналық жоғары оқу орындарының 8 495 түлегін жұмысқа орналастыру мәселелерін қарайтын болады.