ҚАЗАҚСТАН ДДҰ-НЫҢ НЕВРОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРМЕН КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ЖАҺАНДЫҚ ЖОСПАРЫН ІСКЕ АСЫРУҒА ҚОСЫЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ДДҰ-НЫҢ НЕВРОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРМЕН КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ ЖАҺАНДЫҚ ЖОСПАРЫН ІСКЕ АСЫРУҒА ҚОСЫЛАДЫ

Қазақстан неврологиялық аурулары бар пациенттерге диагностика, емдеу және күтім көрсетуге қолжетімділікті жақсартуға, олардың өмір сүру сапасын арттыруға және өмір бойы ми саулығын нығайтуға бағытталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сектораралық жаһандық іс-қимыл жоспарын іске асыруға қосылады.

Бұл бастаманың өзектілігі неврологиялық аурулардың таралу деңгейінің артуымен байланысты.

Қазақстанда Паркинсон ауруына шалдыққан пациенттер санының өсуі байқалады. Сонымен қатар инсульт, деменция, эпилепсия, бас аурулары және диабеттік нейропатия неврологиялық мүгедектіктің негізгі себептерінің қатарында қалып отыр.

2026 жылғы 9–10 маусымда Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Неврологиялық жағдайлар – қоғамдық денсаулық сақтаудың басымдығы: эпилепсия және басқа да неврологиялық бұзылыстар жөніндегі ДДҰ-ның 2022–2031 жылдарға арналған сектораралық жаһандық іс-қимыл жоспарын енгізуді жеделдету» атты ұлттық семинар өткізуде.

Семинар барысында мемлекеттік органдардың, медициналық қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың және пациенттік бірлестіктердің өкілдері неврологиялық аурулары бар пациенттерге көмек көрсету жүйесін жетілдіру шараларын талқылайды.

Қаржыландыру мәселелеріне, кадрларды даярлауға, қызметтерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне интеграциялауға, ақпараттық жүйелерді дамытуға және неврологиялық аурулардың ұлттық тіркелімін құруға ерекше назар аударылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанда ДДҰ-ның Жаһандық іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі ұлттық жол картасына ұсыныстар әзірленіп, сектораралық өзара іс-қимылдың алдағы қадамдары айқындалады.

Семинарды өткізу өңірдің денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған Орталық Азиядағы денсаулық пен әл-ауқатты қолдау жөніндегі жол картасының мақсаттарына да сәйкес келеді.