ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АНАЛАР ӨЛІМІ ЖАҒДАЙЛАРЫ БОЙЫНША ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДЫ ТАПСЫРДЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АНАЛАР ӨЛІМІ ЖАҒДАЙЛАРЫ БОЙЫНША ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен өткен кеңесте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдегі акушерлік-гинекологиялық көмекті ұйымдастырудағы кемшіліктерді қатаң сынға алып, әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Министр жүргізіліп жатқан жұмыстар мен уәкілетті органдардың бақылауына қарамастан, өңірде ана өлімі жағдайларының әлі де тіркеліп отырғанын атап өтті. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейіндегі қызметтің нәтижелілігіне түбегейлі баға беруді талап етеді.

«Биылғы жылдың төрт айында облыста ана өлімінің үш жағдайы тіркелді. Босандыру қызметін көрсететін барлық ұйымдар тексерулермен қамтылғанына қарамастан, халықтан медициналық көмектің сапасына қатысты келіп түсетін өтініштер мен шағымдар саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр», – деді А. Әлназарова.

«Ана өлімінің әрбір жағдайы жан-жақты талдауды және жүйелі шешімдер қабылдауды талап етеді. Жүкті әйелдерді бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формальды түрде қарамай, пациенттерді барлық кезеңдерде толыққанды сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру қажет», – деп атап өтті министр.

Ведомство басшысы медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, жүктілік асқынуларын уақтылы анықтауды қамтамасыз етуді, патронаждық бақылаудың сапасын арттыруды және медициналық ұйымдар басшыларының жұмыстың түпкілікті нәтижелері үшін жеке жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.