
Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Бұл тұжырымдар 2026 жылғы 7 сәуірде жарияланған Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің Денсаулық сақтау саясаты және жоспарлау журналының «Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке бағдарланған реформалар: тоғыз елдегі денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістердің негізіндегі саяси-экономикалық динамика» атты жаңа ғылыми мақаласында келтірілген. Зерттеуде Қазақстанды қоса алғанда, тоғыз елдегі МСАК-қа бағытталған реформалардың саяси-экономикалық тетіктері талданады.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы реформалар тек техникалық емес, сонымен қатар терең саяси сипатқа ие: олар жүйедегі ресурстарды, өкілеттіктерді және рөлдерді қайта бөледі. Авторлардың пікірінше, Қазақстанда бұл реформалар басқару, қаржыландыру, қызмет көрсетуді ұйымдастыру және кадр саясатын қамтитын кешенді өзгерістер ретінде жүзеге асырылуда.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке басымдықтың артуы
Зерттеу авторлары елдерде МСАК-ті күшейтуге бағытталған он түрлі «ауысымның» бар екенін атап өтеді. Қазақстан осы өзгерістердің кең ауқымын көрсетіп отыр. Олардың қатарында жүйелі реформалардың ұзақ мерзімді дамуы, ресурстар мен назарды алғашқы буынға қайта бағыттау, командалық жұмысты нығайту және профилактика мен үйлестірілген көмекті ынталандыратын қаржыландыру тетіктерін енгізу бар.
Командалық модель және мамандардың жаңа рөлі
Қазақстандағы негізгі өзгерістердің бірі ретінде алғашқы буында мультидисциплинарлық командалардың енгізілуі (2010–2020 жж.) көрсетілген. Бұл командаларда жалпы практика дәрігерлері, мейіргерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер бірге жұмыс істейді. Мұндай модель медициналық көмекті үйлестіруді күшейтіп, күрделі қажеттіліктері бар пациенттер үшін қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Бұл әсіресе профилактика, ұзақ мерзімді сүйемелдеу және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жағдайларда маңызды.
Нәтижеге бағытталған қаржыландыру
Зерттеуде Қазақстанның МСАК-тың қаржылық негізін күшейткені де атап өтіледі: алғашқы буынға бөлінетін мемлекеттік бюджет ұлғайған, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дамып келеді, сондай-ақ халықтың саны мен қызмет сапасына негізделген төлем тетіктері, соның ішінде нәтижеге бағытталған ақы төлеу элементтері енгізілуде. Бұл тәсілдер жүйені профилактикаға, ауруларды ерте анықтауға және пациенттерді алғашқы деңгейде басқаруға ынталандырады.
Саяси-экономикалық сын-қатерлер және оларды еңсеру жолдары
Авторлар МСАК реформалары жиі әртүрлі топтардың қарсылығын тудыратынын атап өтеді. Бұл ресурстардың, ықпалдың немесе қалыптасқан кәсіби рөлдердің өзгеруінен туындауы мүмкін. Сондай-ақ пациент ағымдарының қайта бөлінуі, мамандар функциясының өзгеруі және сапаны бақылаудың күшеюі де қарсылық тудыратын факторлар ретінде көрсетілген.
Қазақстан тәжірибесінде бұл өзгерістерді ілгерілетуде басқарушылық шешімдер, жергілікті деңгейдегі құзыреттерді дамыту, жаңа модельдерді пилоттық енгізу, кәсіби диалог және нәтижелерді көрсету үшін деректерді пайдалану маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар кәсіби қауымдастықтың қатысуы мен реформаларды қолдайтын дәлелді базаның қалыптасуы ерекше аталады.
Медициналық алғашқы көмек – халыққа жақын жүйе
Зерттеу МСАК-қа бағдарлану тек ұйымдық өзгеріс емес екенін атап өтеді. Бұл — емдеудің эпизодтық моделінен кешенді сүйемелдеуге көшу, стационарлық көмектен мықты алғашқы буынға өту, пациентті «қызмет алушы» ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде қарастыру және қоғаммен өзара әрекеттесуді күшейту дегенді білдіреді.
Басылым туралы
Мақала: Primary health care–oriented reforms: the political economy dynamics underlying health-system shifts across nine countries
2026 жылғы 7 сәуірде Health Policy and Planning журналында жарияланған.
Талдауға тоғыз ел енгізілген: Конго Демократиялық Республикасы, Доминика, Египет, Қазақстан, Кения, Жаңа Зеландия, Таиланд, Тунис және Уругвай. Зерттеу 356 қатысушыдан алынған деректерге (сұхбаттар, фокус-топтар, сараптамалық консультациялар) және құжаттық талдауға негізделген.
Мақаланың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
Primary health care–oriented reforms: the political economy dynamics underlying health-system shifts across nine countries
Қосымша ақпарат алу үшін ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің коммуникациялар бөліміне хабарласуға болады: rymbayevaa@who.int