А. Цой Президентті Қазақстандағы COVID-19-ға қарсы күрес шаралары жайлы хабардар етті

А. Цой Президентті Қазақстандағы COVID-19-ға қарсы күрес шаралары жайлы хабардар етті

Бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері жөнінде кеңес өтті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«16 қарашадағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика сары аймақта тұр», - деді А. Цой.

 Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары қызыл аймақта тұр. Орташа қауіпті сары аймақта - Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Қалған өңір салыстырмалы түрде инфекцияның таралу қаупі төмен жасыл аймақта.

КВИ-ге шалдыққандар саны артқан жағдайда, халыққа сапалы және уақтылы көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар 71 мың төсек-орын дайындап отыр. Қазір инфекциялық төсектің 21% және реанимациялық төсектің 17% пациент бар. Азаматтарға үйде медициналық көмек көрсету үшін көшпелі мобильді бригадалар дайындалды. Мобильді бригадалар биыл шілдеден бері 280 мыңнан астам қызмет көрсетті. 

«Шілде айымен салыстырғанда қазір жедел медициналық көмек шақырушылар саны 43,8%, ал КВИ бойынша - 79%  төмендеді», - деді

А. Цой.

КВИ-мен ауыратын науқастарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлік және республикалық сараптамалық топтар құрылды, өңірлік Call-орталықтардың және 1406 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы күшейтілді.

Сонымен қатар, ПТР тестілеу қуаты артты. CОVID-19 диагностикалауға тәулігіне 76 мыңнан астам тест жасайтын 140 зертхана тартылған.

«1 қазанмен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда тестілеу қуаты 1,7 есеге артып, тестілеумен қамту 3,6 есеге артты»,- деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ҚР аумағынан сыртқа тасымалдаудың алдын алу үшін, ҚР-дан шығаруға тыйым салынатын дәрілік заттың 59 атауы мен жеке тұлғаларға шектеулі мөлшерде әкетуге рұқсат етілген тауарлар тізімін бекітті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті КВИ-дің емдеуге қолданылатын тауарларды Қазақстан Республикасынан әкетуге жол бермеу үшін арнайы шаралар қабылдады. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті, рецепті препараттарды беру; дәрі-дәрмекті тағайындау мен жазылу; өңірлердегі тұрақтандыру қоры есебінен сатып алынған дәрілерді бөлу процесін бақылауды күшейтті.

2020 жылғы 1 қыркүйектен 16 қарашаға дейін ҚР-да 986 оқушы КВИ жұқтырған, кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 288 жағдай тіркелді. Байланыста болған 3 122 адам анықталды, олардың 33-і індет жұқтырған.

«Онлайн оқитын оқушылар арасындағы сырқат деңгейі жоғары – 698 бала. Оқу жылының басында қалыпты режимде оқуға шектеу қойылды, соның арқасында 6 мыңнан астам баланың індет жұқтырған оқушылармен байланысын және 600 жуық коронавирус инфекциясы жағдайының алдын алдық», - деді А. Цой.

Денсаулық сақтау министрі Президентті ана өліміне қатысты мәселелер жайлы да хабардар етті және бұл проблеманың ерекше бақылауда екенін атап өтті. Эпиджағдайға қарамастан, елімізде демографиялық көрсеткіштердің оң серпіні байқалады: бала туу 4,5%  өскен немесе 20 мың нәресте артық туған.

Пандемия кезеңінде елімізде COVID-19 және пневмония жұқтырған 9 мыңнан астам жүкті әйел тіркелді, бұл барлық тіркелген жағдайлардың 7,5%.

«Осы жылдың 3-тоқсанында Covid-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күрт өсуіне байланысты ана өлімі артты. Бүгінде жағдай тұрақты. Соңғы екі айда Covid-19 коронавирус инфекциясынан жүкті әйелдер қайтыс болған жоқ», - деді А. Цой.

Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін Министрлік ауыр және қиын жағдайдағы жүкті әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізетін «Ахуалдық акушерлік орталық» ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Жүкті әйелдердегі COVID-19» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы және «COVID-19 пандемиясы кезінде жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, Денсаулық сақтау басқармаларына жіберілді.

А. Цой Президентке тұмауға қарсы вакцинациялау науқанының аяқталғанын да жеткізді, әлеуметтік осал топтарға кіретін 2,3 млн адамға егу жасалды. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 2019 жылғы қыркүйек-қазан кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе төмендеген.

ДДСҰ оптимистік болжамына сәйкес жаңа коронавирусқа қарсы тиімді вакцина 2021 жылдың бірінші тоқсанынан ерте дайын болмайды. Қазір әлемде 200 жуық вакцина жасауға үміткер бар болса, тек 42-сі клиникалық сынақтан өтуде, олардың 5-еуі қазақстандық кандидат.

«Халықты коронавирус инфекциясына қарсы иммундау үшін вакцина өндіруге және сатып алуға, түрлі топтағы 3,6 млн. адамды вакцинациялауға Үкімет резервінен 47 млрд. теңге қажет».- деді Денсаулық сақтау министрі.

ДДСҰ ақпаратына сәйкес, елдерде қабылданған шараларға байланысты коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың төрт негізгі сценарийі бар. Сонымен қатар, Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Сингапурде, Жаңа Зеландияда және Израильде індет бақылауға алынды.

«ҚР-дағы эпидемиологиялық ахуал соңғы екі айда оптимистік болжамға сәйкес өтуде, яғни қабылданған шаралардың нәтижесінде пессимистік болжам орындалған жоқ. Бұл потенциалды локдаунды бір айға шегеруге мүмкіндік берді», - деді А. Цой.

Министрлік елдегі және әрбір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізеді, медициналық ұйымдар коронавирус инфекциясының екінші толқынына қарсы шаралар қабылдауда. Жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар өз тиімділігін көрсетті және Министрлік жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі саламен бірлесіп, медициналық көмек пен дәрі-дәрмек көлемін жоспарлауда бар күш-жігерін салуда.

А. Цой атап өткендей, барлық сектордың – орталық мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес қоғамдастықтың КВИ-дің таралуын тежеу бойынша бірлесе атқарған жұмысы Қазақстанда эпидемиялық жағдайдың оптимистік сценарийінің сақталуына мүмкіндік береді.