
Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық денсаулық сақтау жүйесін нығайту, медициналық ресурстарды бөлудегі теңсіздікті еңсеру және елдердің пандемиялар, төтенше жағдайлар мен климаттың өзгеруі салдарларын қоса алғанда, жаңа сын-қатерлерге дайындық деңгейін арттыру жөніндегі күш-жігерін қолдайды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Женевада өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының (ДДА) 79-сессиясы шеңберінде пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Отырыстың негізгі тақырыбы жаһандық денсаулық сақтау архитектурасын реформалау мәселелері болды.
А. Әлназарованың айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи қауіп-қатерлерге тиімді ден қоя алатын икемді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығының негізі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Сөз барысында Қазақстанның саланы цифрлық трансформациялау тәсілдері де таныстырылды. Елде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, әсіресе шалғай өңірлерде, бағытталған телемедициналық шешімдер мен медициналық деректерді басқарудың цифрлық құралдары кезең-кезеңімен енгізілуде.
Сондай-ақ климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсері мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ведомство басшысы экологиялық сын-қатерлердің мырқаттанушылық пен өлімнің өсу факторына айналып бара жатқанын айтып, халықаралық күш-жігерді біріктіру қажеттігін атап өтті.
Министр ДДҰ-мен өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит қорытындысы бойынша қабылданған «Арал маңы өңіріндегі салауатты болашақ» бастамасын іске асыруды атады.
«Қазақстан жаһандық әріптестермен ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді болып қала береді және барша үшін денсаулықты жақсартудың негізі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ілгерілетуге дайын», — деп атап өтті Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі.