
Алматы қаласында Қазақстан ревматологтарының IX конгресі және APLAR-QCR саммиті (Азия-Тынық мұхиты ревматологтар қауымдастықтары лигасы және Қазақ ревматология колледжі) өтті. Ауқымды халықаралық алаң ревматология саласындағы жетекші ғалымдарды, практик дәрігерлерді, жас зерттеушілер мен әлемнің 15-тен астам елінен келген сарапшыларды біріктірді.
Іс-шараны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ ревматология колледжі ұйымдастырды. Форумға қатысушылар ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
«Бүгінде ревматологиялық аурулар пациенттердің өмір сапасына, еңбекке қабілеттілігіне және белсенді өмір сүру ұзақтығына елеулі әсер ететін маңызды медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан ревматологиялық қызметті дамыту ғылыми әлеуетті, инновациялық технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықты біріктіретін заманауи пәнаралық тәсілдерді талап етеді», — деді онлайн форматта форум қатысушыларына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Ол Саммитке қатысушылардың кең халықаралық құрамы қазақстандық ревматология мектебіне деген жоғары сенімді және отандық медицинаның жетістіктерін халықаралық кәсіби қауымдастықтың мойындауын көрсететінін атап өтті.
Сондай-ақ 2029 жылы Қазақстанда APLAR жаһандық конгресін өткізу туралы шешім ерекше аталып өтті. Бұл отандық денсаулық сақтау жүйесі мен ғылыми қауымдастық үшін маңызды оқиға болды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде елде ревматологиялық қызметті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында Республикалық ревматологиялық орталық құрылды, өңірлерде 14 мамандандырылған орталық ашылды, ревматоидты артритке шалдыққан пациенттердің бірыңғай цифрлық тіркелімін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ бейінді мамандарды даярлау жалғасуда.
Атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижелерін көрсетуде. 2024–2025 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстанда сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін ауруларының сырқаттанушылық көрсеткіші 3,8 пайызға төмендеді.
Форумның ғылыми бағдарламасына пленарлық отырыстар, мастер-кластар, пікірталас сессиялары және жас ғалымдар секциялары кірді. Жас ревматологтардың клиникалық және көшбасшылық құзыреттерін дамытуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және халықаралық кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Саммит шеңберінде 2029 жылғы APLAR конгресіне дайындық мәселелері де талқыланды. Күтіліп отырғандай, бұл конгресс әлемнің 80-нен астам елінен өкілдер мен 2 мыңнан астам ревматологты жинамақ.