АСТАНА ОМЫРТҚА ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ХИРУРГИЯСЫ БОЙЫНША ЕҢ ІРІ ФОРУМДЫ ҚАБЫЛДАУДА

АСТАНА ОМЫРТҚА ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ХИРУРГИЯСЫ БОЙЫНША ЕҢ ІРІ ФОРУМДЫ ҚАБЫЛДАУДА

Осы күндері Астанада өңірдегі ең ірі халықаралық медициналық іс-шаралардың бірі – заманауи эндоскопия мен омыртқаның аз инвазивті хирургиясына арналған IV Орталық Азия CASMISS-2026 конференциясы өтуде.

Форум әлемнің 10-нан астам елінен келген жетекші омыртқа хирургтарын, нейрохирургтерді және травматолог-ортопедтерді біріктіріп, онда тек әлемдік трендтер ғана емес, сонымен қатар жоғары технологиялық нейрохирургия мен ортопедия саласында берік орныққан Қазақстанның практикалық тәжірибесі де талқылануда.

Конференцияны ашқан академик, Ұлттық нейрохирургия орталығы Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов елдегі омыртқа хирургиясының дамуы ондаған жылдар бойы қалыптасқан қуатты ғылыми мектепке негізделгенін және бүгінде халықаралық медициналық қауымдастықпен белсенді ықпалдасып отырғанын атап өтті:

«Қазақстандық нейрохирургия әрдайым жоғары кәсіби деңгейде дамып келеді. Бүгінде біз тек тәжірибе қабылдап қана қоймай, халықаралық әріптестермен бірге оны қалыптастырып келеміз. Бұл пациенттерді барынша қауіпсіз әрі тиімді емдеуге мүмкіндік беретін технологияларды енгізуге жол ашады», – деді академик.

Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарисов та аз инвазивті технологиялардың дамуы Қазақстандағы заманауи медициналық практиканың стандартына айналғанын, ал бүгінгі басты міндет – мұндай операциялардың елдің барлық өңірлеріндегі пациенттер үшін қолжетімділігін кеңейту екенін айтты.

Конференцияда өз ұстанымы мен халықаралық тәжірибесін Оңтүстік Кореядан шақырылған сарапшы, омыртқаның эндоскопиялық және аз инвазивті хирургиясы саласындағы әлемдік жетекші мамандардың бірі профессор Кан Таек Лим (Kang Taek Lim) де ұсынды.

Ол омыртқа хирургиясын дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөлін және операциялардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін практикалық хирургиялық технологиялармен алмасудың маңыздылығын атап өтті.

CASMISS-2026 Қазақстанның халықаралық ғылыми пікірталастарды қабылдаушы тарап қана емес, сонымен қатар омыртқа хирургиясының өзіндік мектептері белсенді дамып жатқан, эндоскопиялық технологиялар енгізіліп, жаңа клиникалық хаттамалар қалыптасып отырған толыққанды құзырет орталығы екенін көрсетеді.

Форум шеңберінде омыртқа жарығы мен деформацияларын емдеудің аз инвазивті әдістеріне ерекше назар аударылуда. Бұл тәсілдер операциялық жарақатты айтарлықтай азайтып, асқыну қаупін төмендетуге және пациенттердің бірнеше күн ішінде қалпына келуіне мүмкіндік береді.

Конференцияның Астанада өтуі отандық медицинаның жоғары деңгейде дамығанын және Қазақстанның инновациялық омыртқа хирургиясының өңірлік орталығы ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Мұнда халықаралық тәжірибе алмасу тең кәсіби деңгейде жүзеге асуда.