3,4 МЛН АДАМҒА ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ТЕРАПИЯНЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН КҮШЕЙТУДЕ

3,4 МЛН АДАМҒА ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ТЕРАПИЯНЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН КҮШЕЙТУДЕ

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде. Соңғы жылдары мемлекет есебінен дәрі алатын азаматтар саны екі есеге жуық өссе, қаржыландыру көлемі үш еседен астам артты. Денсаулық сақтау министрлігі сатып алудың ашықтығына, цифрландыруға және отандық өндірісті қолдауға басымдық беруде.

«Бүгінде 3,4 миллион қазақстандық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,9 миллион адамды құраған еді. Ауыр және сирек кездесетін аурулары бар пациенттерге ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары пациенттер тегін дәрі алатын аурулар тізбесі 48-ден 121 позицияға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру тәсілі өзгеруде. Енді басты назар препараттардың санына емес, олардың дәлелденген тиімділігіне аударылады», — деді брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Ведомствоның мәліметінше амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржының көлемі 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай жоспарланған 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
«Біздің міндетіміз — пациенттерді шынымен тиімді әрі заманауи препараттармен қамтамасыз ету. Біз дәрінің терапиялық құндылығы мен пациентке нақты пайдасы негізгі критерий болатын жүйеге көшудеміз», — деп қосты Тимур Мұратов.
Денсаулық сақтау министрлігінде Бірыңғай дистрибьютор жұмысына да елеулі өзгерістер енгізілгені айтылды. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшірілді, ал азаматтар үшін дәрі-дәрмектің бар-жоғы туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағымдар саны 18 пайызға — 13 мыңнан 11 мың өтінішке дейін азайған.

Сонымен қатар пациенттік ұйымдармен жұмыс күшейтілді. Соңғы айларда еліміздің түрлі өңірлеріндегі пациенттер бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Реформаның негізгі нәтижелерінің бірі — бюджет қаражатын үнемдеу. Егер 2023 жылы үнем көлемі 21,5 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол 85,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында қосымша 50 млрд теңге үнемделді.
«Бүгінде біз жай ғана дәрі сатып алып отырған жоқпыз. Біз пациент басты назарда болатын заманауи, ашық әрі тұрақты жүйе қалыптастырып жатырмыз. Бұл — миллиондаған адамның өмір сапасына қатысты мәселе», — деп атап өтті вице-министр.
Қоймаларды жалға алуға тәуелділікті азайту үшін Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Семей қалаларында жеке логистикалық орталықтар салу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, мемлекет отандық фармацевтиканы қолдауды күшейтуде. Қазіргі таңда 31 қазақстандық өндірушімен 83 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған, ал отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі артып келеді.
Реформаның басты мақсаты — пациенттердің қажетті препараттарға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету және халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыру екенін птап өту қажет.