
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан медициналық қызметтерді дамыту қажеттілігін ескере отырып, «Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарын бекіту туралы» №167 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Құжат заманауи технологиялық шешімдерді енгізу және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру есебінен, ең алдымен ауылдық және шалғай өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңартылған стандарттар телемедициналық өзара іс-қимылды дамытуға және медициналық көмек көрсету үдерістерін цифрландыруға бағдарланған медициналық ұйымдарды жарақтандырудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді.
Атап айтқанда, медициналық деректерді цифрлық түрде беруге және медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялауға мүмкіндік беретін портативті медициналық жабдықтардың ең төменгі тізбесі бекітілді. Бұл талаптар негізінен аудандық деңгейден төмен орналасқан медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына қолданылады.
Білім беру ұйымдары жанындағы медициналық кабинеттерге де жеке талаптар қарастырылған. Оның ішінде бейінді мамандардың нәтижелерді қашықтан интерпретациялау мүмкіндігімен балаларға профилактикалық тексерулер жүргізуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.
Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері үшін арнайы жарақтандыру стандарты бекітілді. Бұл халықтың аталған санаты үшін медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжат тек жабдықтар тізбесін ғана емес, олардың функционалдық сипаттамаларына қойылатын талаптарды да регламенттейді. Атап айтқанда, медициналық деректерді цифрлық түрде беру, сақтау және ақпараттық жүйелерге интеграциялау міндеттілігі қарастырылған, бұл медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Қарастырылған нормаларды іске асыру телемедициналық қызметтердің қамту аясын кеңейтуге, бастапқы деңгейдегі диагностиканың тиімділігін арттыруға, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені оңтайландыруға және пациенттер ағындарын неғұрлым ұтымды бөлу арқылы медициналық көмек күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бүгінде телемедицина — пациенттердің ірі орталықтарға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік беретін денсаулықты бақылаудың толыққанды құралына айналды.
Қазіргі таңда еліміздегі телемедициналық желі 2491 медициналық пунктті, 784 фельдшерлік-акушерлік пунктті, 1165 дәрігерлік амбулаторияны және 844 мобильді бригаданы қамтып отыр.
2025 жылы 3,87 млн телемедициналық қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Бүгінде пациенттерге қашықтан медициналық қызметтің 118 түрі қолжетімді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аталған бұйрықты қабылдау телемедицинаны дамыту мен денсаулық сақтау жүйесінің орнықты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды кезең болып табылады.