
Бүгін Алматыда 20-дан астам елден келген балалар нейрохирургиясы, онкология, неврология және сабақтас салалардың жетекші мамандарының қатысуымен International Society for Pediatric Neurosurgery «Балалар нейрохирургиясы патологияларына пәнаралық тәсіл» атты халықаралық конференциясы басталды.
Форум шеңберінде сарапшылар үздік халықаралық поактикаларды қолдану бойынша өзара тәжірибе алмасып, аса күрделі клиникалық жағдайларды талқылауды және заманауи емдеу хаттамаларын жергілікті жағдайларға бейімдеуді көздеп отыр.
Конференция алаңында Charité – Universitätsmedizin Berlin клиникасынан келген жетекші балалар нейрохирургының қатысуымен мастер-класс өтуде. Практикалық бөлім барысында мидың қолжетімсіз ісіктері бар екі балаға операция жасалады.
«Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бүгінде жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 82 түрі қолжетімді, жыл сайын 17 мыңнан астам нейрохирургиялық операция жасалады, ал соңғы жылдары жоғары технологиялық көмектің көлемі үш еседен астам өсті. Клиникалық практикаға нейронавигация, операция ішіндегі нейромониторинг, эндоскопиялық және аз инвазивті әдістер, сондай-ақ «гамма-пышақ» секілді заманауи технологиялар белсенді енгізілуде», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова конференцияның ашылуында.
Алматы қаласы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, бұл конференция стратегиялық маңызға ие және Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Ол жоғары технологиялық операцияларды енгізуге және балалар нейрохирургиялық патологияларын емдеудің заманауи тәсілдерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Конференцияның негізгі тақырыбы – пәнаралық тәсіл. Бұл – ми ісіктері, дәріге көнбейтін эпилепсия, туа біткен spina bifida сияқты даму кемістіктері, сондай-ақ ауыр неврологиялық және қимыл-қозғалыс бұзылыстарын емдеудегі әлемдік стандарт.
Конференцияны ұйымдастырушылар – Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы.
Іс-шара шеңберінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов және шетелдік жетекші медициналық ұйымдар – В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Charité – Universitätsmedizin Berlin және Dana-Dwek Children’s Hospital арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Құжаттар әріптестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және балалардағы нейрохирургиялық патологияларды емдеуде пәнаралық тәсілді қоса алғанда, заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.