
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ПЭТ/КТ зерттеулеріне пациенттерді жазу жөніндегі Бірыңғай республикалық үйлестіру орталығы (БРҮО) азаматтардан 18 мыңнан астам қоңырау қабылдады.
Нәтижесінде 13,9 мыңнан астам зерттеуге жолдама берілгені расталды, деп хабарлайды Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы.
БРҮО жоғары технологиялық диагностикалық қызметтерге тең, уақтылы және қолайлы қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Орталық іске қосылған сәттен бастап зерттеулерді күту уақыты 3–12 айдан 14 күнге дейін қысқарды. Бұл қызметтің жоғары сұранысқа ие екенін және орталықтандырылған үйлестірудің тиімділігін көрсетеді.
Орталықтың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған: мамандар электрондық кезекті басқарады, жабдықтардың жүктемесін қадағалайды және Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді. Мұндай тәсіл процестердің ашықтығын арттырып, пациенттің тұратын өңіріне қарамастан қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Жүйеге медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, онкологиялық орталықтар, сондай-ақ ПЭТ/КТ-зерттеулер жүргізетін 12 медициналық ұйым қосылған.
Бір операторға орташа жүктеме күніне 150 қоңырауға дейін жетеді, бұл орталық жұмысының ауқымы мен қарқындылығын көрсетеді.
Маңыздысы, ПЭТ/КТ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Жолдама болған жағдайда зерттеу пациенттерге тегін жүргізіледі.
ПЭТ/КТ — бұл ауру үдерістерін молекулалық деңгейде анықтауға, аурудың таралуын айқындауға және ем тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдіс. Бұл технология әсіресе онкологиялық аурулары бар пациенттер үшін маңызды, себебі уақтылы диагностика терапия нәтижесіне тікелей әсер етеді.