АСТАНАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ЖӘНЕ ДДҰ ҚАТЫСУЫМЕН ПРИАРАЛЬЕ ӨҢІРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ЭКОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША БІРЛЕСКЕН ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

АСТАНАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ЖӘНЕ ДДҰ ҚАТЫСУЫМЕН ПРИАРАЛЬЕ ӨҢІРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ЭКОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША БІРЛЕСКЕН ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Астанада өткен Өңірлік экологиялық форум алаңында «Болашақ ұрпақты қорғау: экологиялық күн тәртібінің өзегіндегі денсаулық — Арал маңы сабақтары мен шешімдері» тақырыбындағы панельдік сессия қорытындысы бойынша ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы, Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен қоршаған орта қауіптерін азайтуға және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған бірлескен құжатқа қол қойылды.
Сессияның жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Аталған алаң Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның денсаулық сақтау министрлерін, сондай-ақ ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебреисус және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгені қоса алғанда ДДҰ басшылығын біріктірді.
«РЭС пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев экологияның арнайы салалық мәселе емес, даму идеологиясы мен өмір салты екенін нақты атап өтті. Оның негізінде – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, әділетті экологиялық көшу және халықаралық ынтымақтастықтың біріктіруші рөлі жатыр. Осы тұрғыда бастамашы болған «Таза Қазақстан» қозғалысы жаңа экологиялық мәдениетті – жеке жауапкершілік, табиғатқа ұқыпты қарау және азаматтық белсенділік мәдениетін қалыптастырады», – деп атап өтті Аида Балаева.
Талқылаудың негізгі тақырыбы тарихи көлемінің 90%-дан астамын жоғалтқан Арал теңізінің тартылу салдары болды. Экологиялық дағдарыс халық денсаулығына ұзақ мерзімді әсер етуде: тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларының өсуі, әсіресе әйелдер мен балалар арасында анемияның кең таралуы, сондай-ақ шаңды және тұзды дауылдардың әсері байқалады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атап өтті:
«Арал маңы мен Каспий өңіріндегі халықтың денсаулығы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты — бүгінде бұл тек экологиялық емес, сонымен қатар медициналық күн тәртібі. Біз денсаулық сақтау жүйесін күшейтуіміз қажет, ол тек емдеумен шектелмей, экологиялық факторлардың салдарын алдын ала болжай алуы тиіс. Қазақстан денсаулық пен экология мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастық платформасын құруды бастамашылық етеді, бұл қауіптерге тек жауап беріп қана қоймай, олардың алдын алуға және келесі ұрпақ үшін орнықты болашақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше Арал маңы өңірінде 3 миллионнан астам адам тұрады, ал аурулардың 40%-ға дейінгі бөлігі экологиялық факторларға байланысты. Жекелеген аумақтарда репродуктивті жастағы әйелдердің арасындағы анемия деңгейі 50%-дан асады, ал мектеп жасындағы балалар арасында 30–35%-ға жетеді.
Сессияға қатысушылар болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау жөніндегі басым шараларды талқылап, экологиялық қауіптерді азайтуға және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған «Арал теңізі өңіріндегі салауатты болашақ» Жол картасының жобасын ұсынды.
ДДҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус:
«Арал теңізі дағдарысы қоршаған ортаның тозуы абстрактілі қауіп емес, адамдар күнделікті бетпе-бет келетін және халық денсаулығына терең әрі ұзақ мерзімді әсер ететін шынайы жағдай екенін еске салады», — деді.
Ол сондай-ақ:
«Экожүйелер бұзылған кезде ең жоғары зардапты сол жерде тұратын адамдар шегеді. Сондықтан денсаулық мәселелері экологиялық күн тәртібінің өзегінде болуы тиіс. Арал өңірі елдерінің осы бағыттағы көшбасшылығын жоғары бағалаймын. ДДҰ «Арал теңізі өңірінің салауатты болашағы» Жол картасын іске асыруды қолдайды, бұл болашақ ұрпақтың дені сау, қауіпсіз әрі мүмкіндіктері кең болуына ықпал етеді», — деп атап өтті.
Сессияныңмқорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының арасында өңір халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған келісілген шараларды бекітетін бірлескен құжатқа қол қойылды.
ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге:
«Арал теңізі су көлемінің 90%-дан астамын жоғалтты. Оның айналасында тұратын қауымдастықтар ондаған жыл бойы мұның зардабын өз денсаулығымен өтеп келеді. Бұл бірлескен мәлімдеме — жай алаңдаушылық емес, нақты іс-қимыл декларациясы. Ұзақ уақыт бойы Арал дағдарысының халық денсаулығына әсері тіркелгенімен, тиісті жауап болмады. Бүгін Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның денсаулық сақтау министрлері ДДҰ-мен бірге жаңа міндеттемелер қабылдап отыр — ынтымақтастық платформасын құру және өңірдің болашақ ұрпағы алдыңғы буынға қарағанда дені сау болып өсуін қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысты растау. Мен бұл құжатқа қол қойғанымды және бірлесіп атқаратын жұмысымызды мақтан тұтамын», — деді.
Қосымша:
— ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының қолдауымен Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктерінің арасында — бірлескен бастамаларды дамыту, деректер алмасу және 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру бойынша;
— Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасында — «Арал маңы өңірінің салауатты болашағы» бастамасы шеңберінде;
— Атырау облысының әкімдігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасында — бірлескен зерттеулер жүргізу, мониторинг жүйелерін дамыту және «Біртұтас денсаулық» тәсілін ілгерілету бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Панельдік сессия экологиялық қауіптерді азайтуға және өңір халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған келісілген шешімдерді әзірлеудің маңызды алаңына айналды.