ҚАЗАҚСТАН ШЫҰ ЕЛДЕРІНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ

ҚАЗАҚСТАН ШЫҰ ЕЛДЕРІНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ

Қазақстан Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің тоғызыншы кеңесінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар бастамалар ұсынды. Ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов таныстырды.

Өз сөзінде өңір елдерінің денсаулық сақтау жүйелері бірқатар ортақ сын-қатерлерге тап болып отырғаны атап өтілді. Олардың қатарында инфекциялық емес аурулардың өсуі, жаңа инфекциялық қауіптер, кадр тапшылығы және климаттың өзгеруінің салдары бар. Осындай жағдайда халықаралық деңгейде күш-жігерді үйлестірудің маңызы арта түсуде.

Вице-министр Қазақстан ШЫҰ алаңын бірлескен шешімдер әзірлеудің маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Бүгінде ШЫҰ тек өңірлік ынтымақтастық алаңы ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерге ұжымдық жауап қалыптастыратын нақты құралға айналуда», – деді Ербол Оспанов.

Сондай-ақ баяндама барысында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің дамуындағы оң динамика туралы деректер ұсынылды. Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығының артуы, жалпы және нәресте өлім-жітімінің төмендеуі, сондай-ақ елдің Адами даму индексіндегі позициясының жақсаруы байқалады.

«Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері тұрақты түрде жақсарып келеді. Бұл профилактиканы дамыту, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайту және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деп атап өтті вице-министр.

Қазақстан ШЫҰ шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар ұсынды.

Атап айтқанда, үздік практикалармен алмасуға және елдердің дағдарыстық жағдайларға дайындығын арттыруға ықпал ететін денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығы бойынша ШЫҰ платформасын құру ұсынылды.

«Біз тәжірибе алмасуды жүйелеуге және денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындықты күшейтуге мүмкіндік беретін тұрақты сараптамалық-үйлестіру платформасын қалыптастыруды ұсынамыз», – деді Ербол Оспанов.

Сонымен қатар эпидемиологиялық қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін дамыту, оның ішінде қауіптерді ерте анықтау және зертханалық қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту ұсынылды.

Сондай-ақ инфекциялық емес аурулардың профилактикасына және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Салауатты болашақ – ШЫҰ» бағдарламасын іске қосу бастамасы көтерілді.

«Профилактика – бұл болашаққа салынған инвестиция. Біз қауіп факторларын азайту және халық денсаулығын нығайту үшін ШЫҰ елдерінің күш-жігерін біріктіруді ұсынамыз», – деді ол.

Бұдан бөлек, Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға және өңір елдерінің табысты тәжірибелерін кеңінен енгізуге ерекше назар аударды.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек тиімді денсаулық сақтау жүйесінің негізі болып қала беруі тиіс. Қазақстан осы бағытта тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты кеңейтуге дайын», – деп атап өтті вице-министр.

Сөз соңында ұсынылған бастамаларды іске асыру ШЫҰ елдерінің өзара іс-қимылын нығайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ өңір халқының денсаулық деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.