
Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысында 2012 жылы туған кәмелетке толмаған пациент А. қайтыс болуына байланысты жан-жақты тексеру жүргізу үшін комиссия құрамы жасақталуда.
Комиссияның құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары — бас мемлекеттік медициналық инспектор, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар енгізіледі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 19 ақпанда пациент әрі қарай ем алу үшін санитариялық авиация арқылы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ-ға (Алматы қаласы) жеткізілген болатын. Көрсетілген медициналық іс-шараларға қарамастан 2026 жылғы 13 сәуірде өлім дерегі тіркелді.
Денсаулық сақтау министрлігі пациентке медициналық көмек көрсету фактісі бойынша Маңғыстау облысындағы медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексерулер жүргізді.
Тексеру барысында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында:
* 2026 жылғы 17, 23 және 25 қаңтарда бірнеше рет емдеуге жатқызудан бас тарту;
* консилиумдардың өткізілмеуі;
* пациенттің жүгіну деректерінің толық есепке алынбауы;
* жағдайын жеткіліксіз бағалау;
* клиникалық хаттамалардың сақталмауы сияқты бұзушылықтар анықталды.
Ақтау қалалық №2 емханасында:
* анамнездің толық жиналмауы;
* зертханалық-аспаптық деректердің есепке алынбауы;
* диагноздың клиникалық көрініске сәйкес келмеуі;
* бір жүгіну кезінде бетпе-бет қараудың болмауы анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға тәртіптік және экономикалық шаралар қолданылды. Материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Облыс прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қалалық №2 емханасына экономикалық санкциялар қолданды.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыт болып қала беретінін атап өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар қабылданатын болады.