ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІГЕРЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІГЕРЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ
2025 жылы Қазақстанда ауылдық жерлерде аса тапшы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасқан дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі екі есеге – 2,2 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
 
Сонымен қатар, шамамен 24 мың медицина қызметкері республикалық және жергілікті бюджеттердің  есебінен біліктілігін арттырды.
 
«Медицина қызметкерлерін қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз әлеуметтік қорғау шараларын жүйелі түрде күшейтіп, дәрігерлеріміздің кәсіби өсуі мен өмір сапасын арттыруға жағдай жасаудамыз. Бүгінде жүргізілген жұмыстың нақты нәтижелері туралы айтуға болады. Дәрігер әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, кәсіби даму мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілген және өңірлерде жұмыс істеуге ынталандырылған модель қалыптасты. Біздің стратегиялық міндетіміз – дәрігер мамандығын елдегі ең беделді әрі әлеуметтік жағынан қорғалған кәсіптердің біріне айналдыру», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
 
Осылайша, 2025 жылы 529 дәрігер шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік қолдау алды, ал 2024 жылы 254 дәрігерге 2,2 млрд теңге бөлінген болатын.
 
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде:
•аудан орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 2500 АЕК, ал басқа ауылдық елді мекендерге – 2000 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит беру;
•ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келгендерге жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу;
•медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беру;
•қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау;
•алынған медициналық мамандық бойынша әскери қызметтен өту немесе әскерге шақырудан кейінге қалдыру беру;
•көлік шығындарын өтеу;
•жергілікті мәслихаттар тарапынан кадрларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қабылдау, оның ішінде қосымша субсидиялар беру, байланыс қызметтерін төлеу, жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарды ішінара өтеу көзделген.
 
2025 жылы 1760 дәрігер қызметтік тұрғын үймен (727 дәрігер), көтерме жәрдемақымен (1714 дәрігер), коммуналдық шығыстарды өтеумен және басқа да жеңілдіктермен (210 дәрігер) қамтылды, оның ішінде ауылдық жерлерге келген 1005 дәрігер бар.
 
Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге кәсіподақтар мен жұмыс берушілер қол қойды.
 
Мамандықтың беделін арттыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілді, оған 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемі қарастырылған. Сонымен қатар, «Мамандығы бойынша үздік» республикалық конкурсының жеңімпаздарына 500 АЕК көлемінде сыйақы белгіленген (2025 жылы оны 17 адам алды).