
Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар 72,7%-ға азайды.
Қол жеткізілген нәтиже Денсаулық сақтау министрлігінің құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруының арқасында мүмкін болды.
Ішкі бақылаудың заманауи құралдарын енгізуге және уәкілетті орган қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған комплаенс-тәсілдерді дамытуға ерекше назар аударылуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыс қазірдің өзінде оң нәтижелерін көрсетуде. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады:
2023 жылы — 11 айыптау үкімі;
2024 жылы — 13 құқық бұзушылық;
2025 жылы — 3 дерек.
Осылайша, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 76,9%-ға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 72,7%-ға қысқарды. Бұл соңғы үш жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің 70%-дан астамға төмендегенін көрсетеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың шеңберінде Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдерінің арасында бірлескен кездесу өтті.
Іс-шара Денсаулық сақтау министрлігінің модерациясымен өтті. Спикерлер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Н. Балғабеков, департаменттің бас маманы А.К. Айтуева, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік, жұмылдыру жұмыстары және мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің директоры Б.Ш. Бекбатыров сөз сөйледі.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері қаралды.
Іс-шараның басты мақсаты — денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру болды. Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, туындайтын қауіптерге жедел әрекет етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруде.