
Денсаулық сақтау министрлігі саланы цифрлық трансформациялау шеңберінде Денсаулық сақтау ресурстарын басқару жүйесінің (ДРБ) жаңғыртылған нұсқасын енгізді.
Бұл – медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, олардың біліктілігі, сондай-ақ өндірістік базалар мен медициналық техника туралы деректерді біріктіретін цифрлық платформа. Аталған жүйе үздіксіз мониторинг пен қауіптерді профилактикалық түрде анықтауға негізделген мемлекеттік бақылаудың заманауи моделін қалыптастырады.
ДРБ мемлекеттік және жекеменшік секторды қоса алғанда, 21 мыңнан астам медициналық ұйымды қамтиды және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция есебінен тексерілген, сенімді деректермен жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
Жүйеде әрбір медициналық ұйымның лицензиялар, құрылымдық бөлімшелер мен персонал, өндірістік базалар және медициналық техника туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық бейіні қалыптастырылған.
Жүйені жаңғыртудың негізгі нәтижесі – тексерулердің реактивті форматынан проактивті бақылауға көшу. Бұл тәсіл деректерді талдау негізінде бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде көшпелі тексерулерге қажеттілік айтарлықтай азайып, медициналық ұйымдарға жүктемені арттырмай профилактикалық бақылауды жүзеге асыруға жол ашылады.
Кадрлық мониторинг бөлігінде жүйе нақты уақыт режимінде медицина қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуын талдап, қауіпке бағдарланған индикаторларды қалыптастырады.
ДРБ деректері бойынша қазіргі уақытта жүйеде мерзімі өткен сертификаттары бар 6 мыңнан астам қызметкер анықталған, оның ішінде 2 мыңнан астамы – дәрігер, ал 4 мыңнан астамы – орта медицина персоналы. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі қалалық медициналық ұйымдарға тиесілі – 5 мыңнан астам қызметкер, ал ауылдық жерлерде – 1 мыңнан астам.
ДРБ-да рұқсат етілген жүктеменің (1,75 мөлшерлемеден жоғары) асып кетуінің 4 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның ішінде 3 506 дәрігер және 508 орта медицина персоналы бар. Бұл деректер медицина қызметкерлерінің нақты жұмыспен қамтылуын дәлірек бағалауға және тәуекелі жоғары аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйе сондай-ақ медицина қызметкерлерінің бірнеше ұйымда бір мезгілде жұмыс істеу жағдайларын талдауға мүмкіндік береді, бұл медициналық қызметтің ерекшелігі мен маманның бейіні ескеріле отырып қосымша бағалауды талап етеді.
ДРБ деректерінің негізінде МФБК қызметкерлері талдамалық панельдер мен қауіптерге бағдарланған индикаторларды пайдалана отырып қашықтан бақылау жүргізеді. Бұл ауытқулары бар ұйымдарды іріктеп, бақылау шараларын қауіп жоғары аймақтарға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Жүйенің талдамалық мүмкіндіктері басқарушылық шешімдер қабылдауда, оның ішінде кадрлық саясатты жоспарлау, мамандарға деген қажеттілікті айқындау және сұранысқа ие дайындық бағыттары бойынша білім беру гранттарын бөлу кезінде қолданылады.