Қазақстанда жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсетудің жаңа моделіне негізделген өңірлік травматологиялық орталықтардың (ӨТО) бірыңғай желісін құру жобасы іске қосылуда. Жоба академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы (ҰҒТОО) тарапынан әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Елімізде жыл сайын жүздеген мың жарақат тіркеледі, ал жол-көлік оқиғалары өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр. Бұл ретте өлім жағдайларының 40%-ға жуығы жарақат алғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда, мамандандырылған медициналық көмекке дер кезінде қолжетімділіктің болмауынан орын алады.
ӨТО құру осы мәселені шешуге бағытталған. Орталықтар тәулік бойы жұмыс істеп, шұғыл көмек пен реанимациядан бастап жоғары технологиялық операциялар мен оңалтуға дейінгі толық медициналық қызметтер кешенін қамтамасыз етеді. Бұл науқастарды ірі қалаларға тасымалдауға уақыт жоғалтпай, қажетті көмекті сол жерде көрсетуге мүмкіндік береді.
ӨТО өңірлердегі травматологиялық қызметтің үйлестіруші орталықтарына айналады:
дәрігерлер ҰҒТОО жетекші мамандарынан нақты уақыт режимінде консультация ала алады, телемедицина технологиялары енгізіледі, кадрларды даярлау күшейтіледі.
Пилоттық жоба Астана қаласында, Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының базасында және Балқаш қаласында іске асырылу сатысында. Алдағы уақытта жарақаттану деңгейі жоғары өңірлерде желіні кеңейту жоспарланып отыр.
Жобаны енгізу жарақаттардан болатын өлім мен мүгедектікті азайтуға, медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартуға және өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шегіп, оның ішінде 2,3 мың адам қаза тапқан. Сонымен қатар, уақтылы көрсетілген білікті медициналық көмектің арқасында өлім деңгейі 10%-ға төмендеген. Жедел медициналық жәрдем қызметінің шамамен 796 мың шақыртуының 44 мыңы (5,6%) жол-көлік оқиғаларына қатысты болған.