
Алматы қаласында Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің перинаталдық орталықтарды жаңғырту бағдарламасы шеңберінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірқатар мастер-класс өтті.
Сербия мен Ресей Федерациясынан келген жетекші мамандар озық хирургиялық технологиялар мен клиникалық тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, Сербиядағы «Воеводина» клиникалық орталығының акушерлік және гинекология клиникасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тихомир Вейнович авторлық әдістеме бойынша кесар тілігін жасау операцияларын көрсетті.
Аталған технология плацентаның жатырға кірігуі мен жабысып өсуінің – жаппай қан кету мен ана сырқаттанушылығының жоғары қаупімен байланысты жүктіліктің ең ауыр асқынуларының профилактикасына бағытталған.
Операциялар еліміздің өңірлеріндегі мамандар үшін онлайн режимде тікелей көрсетілді. Бұл кәсіби қауымдастықты кеңінен қамтып, медициналық кадрлардың практикалық даярлығын арттыруға мүмкіндік берді.
Мастер-кластардың шеңберінде Жамбыл облысынан келген, асқынған көпұрықты жүктілігі бар жүкті әйелге феталдық операция жасалды. Жүргізілген амниоредукция мерзімінен бұрын босану қаупін төмендетіп, жүктілікті сәтті аяқтау мүмкіндігін арттырды.
Неонаталдық реанимация мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетудің заманауи алгоритмдерін ұсынды, оның ішінде тыныс алуды қолдау әдістері мен өкпені ультрадыбыстық зерттеу тәсілдері бар. Бұл иондаушы сәулеленуді қолдануды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелердің гемодинамикасын бақылауға арналған практикалық бөлім ұйымдастырылды. Қатысушылар жүрек-қантамыр жүйесін ультрадыбыстық технологиялар арқылы бағалау әдістерін меңгерді, бұл қарқынды терапияның тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Іс-шараға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 200-ден астам маман қатысты. Алынған білім мен практикалық дағдылар клиникалық практикаға енгізіліп, ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге маңызды үлес қосады.
Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді: ана өлімінің коэффициенті 6 есеге төмендеп, 100 мың тірі туғанға шаққанда 67-ден 10-ға дейін азайды, ал нәресте өлімі көрсеткіші 7 есеге төмендеп, 1000 тірі туғанға шаққанда 45-тен 6-ға дейін қысқарды. Халықаралық ұйымдар мен Дүниежүзілік банктің бағалауынша, бұл көрсеткіштер бүгінде орташа еуропалық деңгейден төмен.
Қол жеткізілген нәтижелер жүйелі мемлекеттік саясаттың, заманауи медициналық технологияларды енгізудің, инфрақұрылымды дамытудың және ана мен балаға медициналық көмек көрсететін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында мүмкін болды.