
Медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдірудің 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде медициналық ұйымдардың 70%-ын лицензиядан кейінгі мониторингпен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ жаңа стандарттарға сәйкес мекемелердің кемінде 80%-ы аккредиттеледі.
Құжат медициналық қызметтердің сапасын бақылау мен басқарудың деректерге, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралдарына негізделген заманауи моделіне көшуге бағытталған.
Құжатта жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты айқындалған:
медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеу құралдарын жаңғырту;
жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып сапа сараптамасының жаңа моделін қалыптастыру және Ұлттық сапа институтын құру;
кәсіби медициналық қоғамдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
сапаны басқару жүйесін цифрлық трансформациялау.
Негізгі мақсат — пациент медициналық қызметтердің сапасын бағалау және бақылау процестерінің белсенді қатысушысына айналатын модель қалыптастыру.
Жоспарды іске асыру медициналық көмектің сапасын реттеудің бірыңғай жүйесін құруға, медициналық ұйымдардың қызметінің ашықтығын арттыруға және басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Заңнамалық өзгерістер шеңберінде 2028 жылдан бастап ТМККК/МӘМС жеткізушілерін міндетті аккредиттеу және аккредитациядан кейінгі мониторингті цифрландыру талаптарын енгізу көзделген.
Сондай-ақ Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының базасында әдіснамалық және талдамалық орталық ретінде қызмет атқаратын Ұлттық сапа институтын құру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, медициналық көмектің сапасын басқару процестерінде медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту көзделген. Кәсіби бірлестіктер сапаға тәуелсіз сараптама жүргізуге және мамандардың клиникалық ойлауын бағалауға тартылады.
Сонымен қатар пациенттерді қолдау қызметтерінің қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне нақты уақыт режимінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
2028 жылға дейін медициналық көмекті көрсету стандарттары мен қағидаларын толық цифрландыру, ал 2027 жылы сапаны сараптаудың үш компонентті моделін енгізу де жоспарланып отыр. 2028 жылға қарай медициналық көмектің сапасы мен көлемін мониторингтеудің кемінде 20%-ы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады.