
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, Пандемиялық қордың қолдауымен елдің зертханалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобаны іске асырды.
Өңірлерге 30 арнайы автокөлік берілді, олардың сатып алынуы мен жеткізілуін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) қамтамасыз етті.
Аталған көліктер Ұлттық сараптама орталығына, өңірлік зертханаларға, обаға қарсы станцияларға және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына арналған.
Техника елдің барлық өңірлеріне, соның ішінде сапалы логистика аса маңызды болып табылатын ең шалғай аумақтарға дейін бөлініп таратылды.
«Бұл автокөліктердің берілуі сараптамалық топтардың ұтқырлығын едәуір арттырып, биологиялық үлгілерді тасымалдауды оңтайландырады және инфекциялық аурулар өршіген жағдайда зерттеулер жүргізуді жеделдетеді», — деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Арнайы көліктер үлгілерді қауіпсіз тасымалдауға арналған жабдықтармен қамтылған, бұл сапалы эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
Автопаркті жаңарту төтенше жағдайлар туындаған кезде денсаулық сақтау жүйесінің жедел әрекет етуіне тікелей әсер етеді.
Жобаның іске асырылуы Қазақстанның биологиялық қауіпсіздікті нығайту бағытын ұстанатынын тағы бір мәрте растайды.