ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН: 30 ӘЙЕЛ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТТАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН: 30 ӘЙЕЛ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТТАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Денсаулық сақтау министрлігінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай әйел медицина қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 280 мыңға жуық маман еңбек етеді. Олардың 70 пайыздан астамы – әйелдер, оның ішінде 56 мың дәрігер және 167 мың мейіргер бар.

Іс-шараны ашқан Денсаулық сақтау министрі саладағы әйелдердің ерекше рөлін атап өтті.

«Бүгінде біздің әйелдер – жүйенің сенімді тірегі, жаңа бастамалардың көшбасшысы, медицина саласындағы кадрлардың жартысынан астамын құрайтын қуатты күш. Реформалардың табысты жүзеге асуы, азаматтардың денсаулығын жақсарту және профилактикалық бағытты күшейту – көп жағдайда сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен іске деген адалдықтарыңыз бүкіл саланың тұрақтылығын қалыптастырады», – деді министр.

Ведомство басшысы Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Оның тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту және саланы цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматқа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, балалар мен аналардың денсаулығын нығайту. Осы мақсатта «Ана саулығы» және «Қазақстан балалары» бағдарламалары іске асырылуда», – деді министр.

2025 жылы алғаш рет прегравидарлық дайындық енгізілді. Жүктілікті жоспарлаған кез келген әйел тұрғылықты жері бойынша 15 түрлі тексеруден өте алады. Сонымен қатар 100 мыңнан астам жүкті әйел «бір күндік клиникаларда» пренаталдық диагностикадан өтті.

Соңғы екі жылда нәресте өлімі 20 пайызға төмендеп, тарихи ең төмен деңгейге жетті. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы нәресте өлімі ең төмен елдердің қатарына кіреді.

«Саланың ең басты құндылығы – адамдар. Ал медицинадағы адами капиталды қалыптастыруда әйелдердің үлесі айрықша», – деп атап өтті министр.

Салтанатты рәсім барысында саланың 30 үздік өкілі министрдің қолынан лайықты марапаттарға ие болды:
▪ «Еңбек ардагері» медалі
▪ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі

Іс-шара соңында министр әйел медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, амандық, жаңа жетістіктер мен жауапты әрі маңызды еңбектеріне шабыт тіледі.