
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында белсенді емес және сақтандырылмаған пациенттер болған жағдайда төмендетуші коэффициенттерді енгізу нәтижесінде емханалар бекітілген контингентті өзектендіру және азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту бойынша жұмысты күшейтті.
Жаңа қаржыландыру моделі медициналық ұйымдарда ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбейтін пациенттердің, сондай-ақ сақтандырылмаған адамдардың үлесі жоғары болып сақталған жағдайда қаржыландыру көлемін төмендетуді көздейді.
Осылайша, қаржыландыру тікелей пациенттердің нақты белсенділігіне және олардың МӘМС жүйесіне қатысуына тәуелді болады.
Қабылданған шаралар алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыруға және профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған. Ерекше назар созылмалы ауруларды ерте анықтауға, скринингтер жүргізуге және диспансерлік бақылауды кеңейтуге аударылады.
2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі халықты бекіту қағидаларын қайта қарауды, қызмет көрсетушілерді сатып алуға жіберудің жаңа өлшемшарттарын енгізуді, ауылдық ерекшеліктерді ескере отырып бастапқы буынды қаржыландыру моделін жаңартуды және скринингтерді облыс орталықтары деңгейінде орталықтандыруды жоспарлап отыр.
Реформаларды іске асыру Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда.