
Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сарапшыларының Қазақстандағы дәрілік заттардың айналымын реттеудің ұлттық жүйесін бағалау жөніндегі қорытынды миссиясы басталды. Қорытынды сапар Global Benchmarking Tool (GBT) жаһандық салыстырмалы бағалау құралы шеңберінде өтуде және елдің реттеуші жүйесінің жетілу деңгейін айқындауда шешуші кезең болмақ.
Миссия қорытындысы бойынша Қазақстанға жетілудің үшінші деңгейін беру мүмкіндігі туралы шешім қабылданады. Бұл мәртебе ұлттық реттеуші тетіктердің халықаралық стандарттарға сәйкестігін және олардың институционалдық тұрақтылығын растайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан жетілудің екінші деңгейінде. GBT жүйесі бағалаудың төрт деңгейін қарастырады. ДДҰ деректеріне сәйкес, үшінші және төртінші деңгейлерге небәрі 36 мемлекет қол жеткізген, олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония және Еуропалық одақ елдерінің басым бөлігі бар.
Үшінші деңгейге өту фармацевтикалық реттеуді жүйелі жаңғыртудың, қадағалау функцияларын күшейтудің, рәсімдердің ашықтығын арттырудың және дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаһандық жүйесіне интеграцияланудың мойындалуы болады.
Халықаралық бенчмаркингтен өту ұлттық бақылау жүйесіне деген сенімді нығайтудың, отандық фармацевтикалық өнімдердің экспорттық әлеуетін кеңейтудің және салаға инвестициялар тартуды одан әрі арттырудың стратегиялық қадамы ретінде қарастырылады.