
Қызылорда облысына жұмыс сапары шеңберінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова салынып жатқан бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады.
Өңірдің ауруханалық инфрақұрылымын жаңарту ауқымы тұрақты оң динамиканы көрсетеді. Облыс орталығының маңында орналасқан Титов шағын ауданында ауысымына 400 адам қабылдауға арналған №5 жаңа қалалық емхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.
Жоба халқы 40 мыңнан асатын шағын аудан үшін стратегиялық маңызға ие. Ғимараттың ауданы 9 мың шаршы метрді құрайды. Емхана медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің өзекті стандарттарына сәйкес келетін заманауи медициналық жабдықтармен және технологиялармен жарақтандырылатын болады.
Жаңа емхана аналар мен балалардың денсаулығын сақтауға, аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ медициналық алғашқы көмектің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Сол күні облыс орталығының сол жағалауында ауысымда 500 адам қабылдайтын заманауи емхананың құрылысына капсула салынды. Мекеменің құрылымында жалпы практика, акушерлік-гинекологиялық көмек, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімшелері көзделген.
Осылайша, бір мезгілде — бір ауысымда 400 және 500 адам қабылдауға арналған екі ірі амбулаториялық-емханалық қызмет нысанының құрылысы басталды, бұл өңірдің денсаулық сақтау саласының бастапқы буынын едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылдың ішінде облыста 40 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның 28-і Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынған.
Бұдан басқа, шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту бойынша 6 жоба іске асырылды. Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарында көпбейінді ауруханалардың қосымша ғимараттары тұрғызылып, инфекциялық бөлімшелер жаңғыртылды.
Сапар барысында министр сондай-ақ 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өткен және жаңартылған форматта пайдалануға берілген облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының қызметімен танысты. Мекемеде заманауи жабдықтармен жабдықталған клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды.
Алдағы жоспарларда — физиотерапия бөлімшесін іске қосу, сондай-ақ шетелде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру бар.