
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде 5 жыл бойы балаларды профилактикалық қарап-тексерулермен және патронажбен қамтуды 50%-дан 66%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлады бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Бұл ретте бір мезгілде медициналық инфрақұрылымның тозуын 42%-дан 30%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмекті, мамандандырылған педиатрияны, цифрландыруды және денсаулық сақтау нысандарын салуды қамтитын 30 жүйелі іс-шараны іске асыру көзделген.
Өңірлік диспропорцияларды төмендетуге және ауылдық жерлерде балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Бүгін Қазақстан 0,816 көрсеткішімен балалар жағдайының индексі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді.
Тұжырымдаманы іске асыру сонымен қатар клиникалық стандарттарды жаңартуды, балалар бейіні бойынша МӘМС тарифтерін кеңейтуді және кадрлық әлеуетті дамытуды көздейді.
Министрдің айтуынша, өсудің барлық кезеңдерінде балаға қолдау көрсету және ерте медициналық араласу және өңірлерде көмектің қолжетімділігі есебінен ауыр жағдайлардың қаупін азайту басымдық болып қала береді.