ҚОСШЫДАҒЫ ЖАҢА ЕМХАНА ЕЛОРДАЛЫҚ АГЛОМЕРАЦИЯ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН КЕҢЕЙТЕДІ

ҚОСШЫДАҒЫ ЖАҢА ЕМХАНА ЕЛОРДАЛЫҚ АГЛОМЕРАЦИЯ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН КЕҢЕЙТЕДІ

Ақмола облысының Қосшы қаласында бір ауысымда қуаты 1000 адам болатын заманауи емхананың құрылысы аяқталды, ол қала тұрғындарын және елордалық агломерацияның барлық іргелес елді мекендерін медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Мұнда мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қоса алғанда, медициналық қызметтердің кең спектрі көзделген. Медициналық нысанның құрылысы Мемлекет басшысы 2024 жылдың тамызында Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында басталды. Ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, медициналық жұртшылық пен депутаттық корпус өкілдері қатысты. Министр өңірде алғаш рет медициналық мекеменің құрылысына жеке инвестициялар тарту бойынша осындай ірі жоба іске асырылғанын атап өтті. Мемлекет осындай бастамаларды қолдайды, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен халыққа заңнамалық деңгейде жағдай жасайды. Жоба мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай «VIAMEDIS KOSSHY» ЖШС-ның жеке инвестициялары есебінен іске асырылды. Құрылыстың жалпы құны шамамен 30 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін медициналық кешен аумағында 50 оңалту стационарын қоса алғанда, 350 төсектік көп бейінді стационардың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Медициналық көмек Қосшы қаласының, сондай-ақ Ақмола облысының Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандарының тұрғындарына көрсетілетін болады. Емхана мен стационарда 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Инвестор сонымен қатар медицина қызметкерлеріне арналған пансионат пен тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, нысанның маңыздылығы туралы жоғары санатты нейрохирург дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, «Еңбек ері» атағының иегері Серік Ақшолақов кәсіби пікір білдіріп, емхананың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және жобаның жоғары әлеуетін атап өтті. Жалпы, соңғы екі жылда Ақмола облысында 38 медициналық нысан салынды, бұл ауылдық елді мекендердің 75 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етті. Осы жобаларды іске асыру денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.