ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ФЕЛЬДШЕРЛЕРІНІҢ ЖАРҚЫН ЕСТЕЛІГІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛІП, ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ФЕЛЬДШЕРЛЕРІНІҢ ЖАРҚЫН ЕСТЕЛІГІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛІП, ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде жыл қорытындысы бойынша жедел медициналық жәрдем қызметінің үздік фельдшерлерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Олар – тәуекелі жоғары, эмоционалдық жүктемесі ауыр жағдайда еңбек ететін ең күрделі мамандық иелерінің өкілдері. Іс-шараның алғашқы минуттарында қатысушылар кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерінің – Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан мен Насиба Мұхтарқызы Жанабаеваның – жарқын естелігіне бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Олардың есімдері отандық денсаулық сақтау тарихында мәңгі сақталып, кәсіби ар-намыс, батылдық пен адамгершіліктің үлгісі ретінде медициналық қызметкерлердің жаңа буынын шабыттандыра береді. Министрлік аппаратының басшысы Болат Төкежанов жедел жәрдем фельдшерлеріне жанқиярлық еңбегі, ерлігі мен мамандыққа адалдығы үшін алғысын білдіріп, үздік мамандарды марапаттау рәсімін өткізді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №24 бұйрығына сәйкес, еліміздің 24 фельдшері ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, 4 фельдшер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 11 фельдшер «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен (оның ішінде біреуі – қайтыс болғаннан кейін), 9 фельдшер Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Бүгін біз жедел жәрдем фельдшерлеріне – медицинаның алдыңғы шебінде еңбек етіп, санаулы минуттар ішінде шешім қабылдап, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап қалатын жандарға құрмет көрсету үшін жиналдық. Бұл – жай ғана марапаттау рәсімі емес, бұл – терең алғыс пен қоғамдық мойындаудың көрінісі», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Болат Төкежанов.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі