СЕНАТ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫН КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ТҮЗЕТУЛЕРДІ МАҚҰЛДАДЫ

СЕНАТ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫН КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ТҮЗЕТУЛЕРДІ МАҚҰЛДАДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдану және қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін түзетулер пакетін мақұлдады.

Заң жобасы Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін жаңа бап енгізуді қарастырады.

Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес:

зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделеді;


аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалған жағдайда, жаза қатаңдатылады және 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;

өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы белгіленеді;

өмірге және денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда — 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Сонымен қатар заң жобасында Қылмыстық-процестік кодексте осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеп-тексеру мен анықтау жүргізу құзыретін ішкі істер органдарына бекіту көзделген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне қарсы физикалық күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы жасалатын шабуылдар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңнамаға өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.

Президент медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен жағдайына нұқсан келтіретін мұндай оқиғалар «Заң мен Тәртіп» қағидаттарына сәйкес құқықтық алаңда қатаң түрде жолын кесуі тиіс екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне жасалған 280-нен астам шабуыл фактісі, ал биылғы жылдың өзінде — 58 факт тіркелген.