
Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен биылғы жылдың қазан айында облыс әкімі Д.А. Рыспековпен бірлесіп қол қойылған Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі кешенді шаралар жоспарының орындалу қорытындылары бойынша кеңес өтті.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірде жүрек-қан тамыр ауруларынан, тыныс алу және ас қорыту жүйесі ауруларынан, сондай-ақ жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулар салдарынан болатын негізгі өлім көрсеткіштері төмендеді.
Нәресте өлімі екі есеге жуық азайды. Сонымен қатар, 2025 жылдың 11 айында туберкулезден болатын өлім 49,4%-ға қысқарды.
Министр денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туралы айта келе:
«Бар болғаны үш ай бұрын біз Кешенді жоспарды бекіттік, ал қазірдің өзінде нақты әрі өлшенетін нәтижелерді көріп отырмыз. Бұл медициналық ұйымдардың, облыс әкімдігінің, ұлттық орталықтар мен университеттердің және «Қазақмыс» әріптестерінің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бақылап отырған оң өзгерістер – өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің нақты артуы»,
– деп атап өтті.
Өңірдің кадрлық әлеуеті де айтарлықтай күшейді:
облыстық көпбейінді ауруханаға 13 тапшылығы жоғары маман қабылданды, өңірге келген 12 резидент тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Онкологиялық қызмет үш жаңа онколог дәрігермен толықты. 1400-ден астам медицина қызметкері негізгі бағыттар бойынша оқыту курстарынан өтті, онкология саласы бойынша хирургтарды қайта даярлау жалғасып жатыр.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметінің дамуы жалғасуда:
мейіргерлердің дербес қабылдауы енгізілді, МСАК дәрігерлері тағылымдамадан өтті, өңірлік онкологиялық көмекті мониторингтеу бөлімі құрылды.
Кардиология қызметінің дамуы ерекше атап өтілді. Өңірде кардиологиялық және кардиохирургиялық бейіндер кеңеюде, жетекші кардиохирург Ю.В. Пяның басшылығымен алғаш рет бірқатар операциялар жасалды, III деңгейлі инсульт орталығы ашылды.
Травматология қызметінің дамуы басталды:
Сәтбаев қаласында травмпункттің құрылысы жүргізілуде, Жезқазғанда ортопедиялық бөлімше ашу жоспарлануда. Кәсіби патология қызметі де нығаюда – профпатолог кабинеті ашылды, 19 маман оқытылды.
Медициналық көмекті қаржыландыру ұлғайды:
2025 жылы медициналық қызметтерді сатып алуға арналған бюджет өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға немесе шамамен 3 млрд теңгеге артты. Бұған қоса, өңірде алғаш рет 10 жоғары технологиялық операция жүргізуге 87,5 млн теңге бөлінді, бұл бұрын өңірде көрсетілмеген заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділікті едәуір кеңейтеді.
Министрлік облыс әкімдігімен бірлесіп Кешенді жоспарды іске асыруды және Ұлытау облысы тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.