
Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қауымдастықпен, қала тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.
Халықпен кездесу барысында ведомство басшысы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін, ең алдымен медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде енгізіліп жатқан негізгі жаңалықтар туралы ақпарат берді.
Министр биылғы жылы ана өлімі мен нәресте өлімінің көрсеткіштері Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи төмен деңгейге жеткенін атап өтті.
Бұл оң нәтижелер денсаулық сақтаудың барлық бағыттарында іске асырылып жатқан жүйелі шаралардың арқасында мүмкін болды.
МСАК ұйымдарының барлығында Ерте даму және ерте араласу орталықтары ашылды, әйелдер консультацияларының жұмысы қайта жанданды. Балалар бөлімшелеріндегі төсек-орын қоры 38%-ға, соның ішінде неонаталдық хирургияда 20%-ға артты. Туа біткен даму ақаулары бар балалардың өмір сүруі 86%-ға дейін жақсарды.
2027 жылға қарай барлық емханалар жалпы дәрігерлік тәжірибе қағидаттарына толық көшеді. 8:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта тіркелген халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету функциясы МСАК ұйымдарына берілді — 660 бөлімше және 995 мобильді бригада құрылған.
Ерте диагностика мүмкіндіктерін арттыру мақсатында МСАК мамандары үшін бонустық жүйе енгізілді — онкологиялық аурулар мен туберкулезді ерте анықтағаны үшін 5 АЕК көлемінде ынталандыру қарастырылған.
Облыстық ауруханалар, перинаталдық орталықтар және балалар ұйымдарының ауқымды реновациясы жалғасуда.
2026 жылдан бастап 17 өңірде профильдік бөлімшелер (кардиология, пульмонология, гастроэнтерология, эндокринология және т.б.) ашу жоспарлануда.
Азаматтарды қабылдау барысында медициналық көмек көрсету, дәрілік қамтамасыз ету және генетикалық зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, бауыр трансплантациясын қажет ететін балаға қатысты өтініш түсті. Министр барлық медициналық құжаттарды жедел қарау және қажетті емдеуді ұйымдастыру үшін тапсырма берді.
➤ Бұған қоса, Алатау ауданында көпбейінді аурухана салу мәселесі де қаралды.
Министрліктің хабарлауынша, бұл жоба Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаны іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.
Мерзімдік жоспарға сәйкес, Дарабоз шағынауданында 500 төсек-орындық көпбейінді клиника, оның ішінде 200 төсек-орындық перинаталдық орталық салу қарастырылған. Қазіргі таңда нысанның жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Барлық кездесулердің қорытындысы бойынша азаматтар мен медицина қызметкерлерінен түскен әрбір өтініш министрдің жеке бақылауына алынды. Көтерілген мәселелерді жедел шешу және олардың орындалуын мониторингілеу үшін тиісті құрылымдық бөлімшелерге тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапары өңірдегі өзекті проблемаларды айқындауға және оларды шешудің нақты қадамдарын белгілеуге мүмкіндік берді. Бұл Алматы және өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға ықпал етпек.