Олжас Бектенов Президенттің медицинадағы озық технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Олжас Бектенов Президенттің медицинадағы озық технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының қызметімен танысты. Президенттің медицинада озық технологияларды қолдану және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына назар аударылды.  
 
Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының жарақтандырылу жағдайын тексерді, онда науқастарға жоғары технологиялық ем түрлері ұсынылады.  
 
ҰҒОО – Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.
 
Пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ақысыз көрсетіледі. Аталған мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру шығындары да бар.  
 
Премьер-министрге Ұлттық ғылыми онкология орталығына «АЭХА-ның зәкірлік орталығы» (Anchor Center) мәртебесін алып беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды, оны алған жағдайда орталық бүкіл Орталық Азия аймағы үшін радиациялық онкология және ядролық медицина саласындағы озық тәжірибені дамыту және таратуға арналған тірек алаңына айналмақ.
 
Радиациялық технологиялар орталығында обыр ауруын диагностикалауға (cоның ішінде ерте сатысында) және емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісінің толық циклін игеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда «18-фтордезоксиглюкоза (18F-FDG)» радиофармпрепаратының өндірісі жолға қойылған. Ол ПЭТ/КТ және елімізде алғаш рет қолданылғалы отырған ПЭТ/МРТ диагностикасы үшін қажет. Таяу уақытта тағы 13 препарат шығару жоспарлануда, олардың бір бөлігі алғаш рет синтезделмек. Өндірісі өзімізде болғанының арқасында жылына 12 мыңға дейін зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін болып отыр.
 
Радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеу үшін йод-131 негізіндегі препарат қолданылады. Пациенттер аталған радиофармпрепаратты қабылдағаннан кейін 5-7 күн оқшау жатқызылады. Бөлмелер АЭХА-ның талаптары мен стандарттарына сай жарақтандырылған. Биылғы 5 айда мұнда 80 адам емделді. Жалпы, бөлімше жылына 300-ден астам науқасты қабылдай алады.
 
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың радиофармпрепараттарды пайдалана отырып емделу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 6 өңірлік орталықты біріктіріп желі құру жұмыстарын жүргізуде. «Сәулемен емдеуге арналған» осындай қосымша палаталар Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында ашылады.
 
Медициналық инфрақұрылымды аралау кезінде жасанды интеллект технологияларының енгізілуіне де назар аударылды. Сәулелік және протондық терапияда жасанды интеллектіні қолдану сау тіндерге өте аз әсер ете отырып, жоғары дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді. Ұлттық ғылыми онкология орталығында ЖИ технологияларына негізделген EDGE және ETHOS жүйелерін қоса алғанда, Varian желілік үдеткіштері бар 7 радиациялық онкология бункері жұмыс істейді.
 
Протонды терапия орталығы – Varian компаниясы жасап шығарған ProBeam 360 жүйесімен жарақтандырылған Орталық Азиядағы жалғыз орталық. Мұндай қондырғылар бүгінде әлемнің тек 24 елінде ғана жұмыс істеп тұр. Бұл терапия балаларды ми мен жұлын бойында, көру құрылымдарында және басқа да жерлерде жаңадан ісік пайда болған кезде емдеуге өте оңтайлы. Мұндағы жоғары дәлдікті екі КТ-симуляторы қамтамасыз етеді. Одан бөлек Қазақтанда алғаш рет МРТ-симулятор іске қосылды. Орталық жылына 1 мың адамға дейін емдеуге есептелген, оның ішінде шетелдік пациенттер де бар, бұл еліміздің медициналық туризм саласындағы әлеуетін нығайта түседі.
 
Гибридті операциялық залдарда дәрігерлер миға, жүрекке және тағы да басқа ағзаларға 350-ден астам жоғары технологиялық операциялар жасайды. Сонымен қатар кадрлардың біліктілігін үнемі арттырып отыру да – маңызды бағыт. ҰҒОО-ның 250-ден астам маманы әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарында заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған.  
 
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің барлық өңірлерінен келген онкопациенттерге озық емдеу әдістерінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Қазақстанда ядролық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.