
Денсаулық сақтау министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті, онда дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, қосымша төлем тетігін енгізу, медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру және тарифтік саясатты жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру болды.
2024 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда дәрігерлерді кәсіби міндеттерін орындау кезінде туындайтын қаржылық қауіптерден қорғайтын тетік енгізілді.
Отырысқа қатысушылар атап өткендей, іс жүзінде белгілі бір қиындықтар туындайды, осыған байланысты кәсіби жауапкершілікті сақтандырудың қолданыстағы тетігін жетілдіру қажет.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев сақтандыру бірнеше сақтандыру ұйымдарын біріктіретін бірыңғай сақтандыру пулы арқылы жүргізілетінін түсіндірді. Бұл қауіптерді біркелкі бөлуге және төлемдерге бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл тетіктің басты мақсаты - дәрігерлерді қаржылық және құқықтық жағынан қорғау. Біз олардың күтпеген жағдайлардан қорғалғанын біле отырып, өз жұмыстарын алаңдамай орындағанын қалаймыз», - деп атап өтті А. Амангелдиев.
Сондай-ақ, дәрі-дәрмектерді алу кезінде қосымша төлем тетігіне көп көңіл бөлінді.
Қосымша төлем - бұл пациенттің дәрі-дәрмектің құнын төлеуге ерікті түрде қатысуының бір түрі. Шығыстардың негізгі бөлігін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жабады, ал пациент, егер қаласа, балама препаратты таңдап, баға айырмашылығы үшін қосымша ақы төлей алады.
Ағымдағы жылдың 15 қарашасынан бастап елімізде артериялық гипертензиямен ауыратын пациенттерду қамтитын пилоттық жоба басталады. Механизмді іске асыру «Әлеуметтік әмиян» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, онда пациент қамту мөлшерін, қосымша ақының ықтимал сомасын, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы дәріханалардың тізбесін көре алады.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тәсіл пациенттерді шектемейтінін, керісінше, дәрі-дәрмектерді таңдау құқығын беру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығын арттыру арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
Талқылаудың тағы бір маңызды тақырыбы – медициналық көмектің бірыңғай пакеті және тарифтік саясат.
Ардақ Амангелдиевтің айтуынша, осы бағыттар бойынша жұмыс азаматтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медициналық ұйымдарда барлық бейіндер бойынша сапалы медициналық көмек көрсетуге ынталандыруға бағытталған. Біздің мақсатымыз – бюджет мүмкіндіктері мен халықтың қажеттіліктері арасындағы дұрыс теңгерімді табу, деп атап өтті вице-министр.
«Медициналық көмектің базалық бөлігіне мемлекет кепілдік береді, ал кеңейтілген қызметтерге МӘМС жүйесі арқылы ақы төленеді», – деп түсіндірді вице – министр.
Бүгінгі таңда 20 миллион адамның 17 миллионға жуығы сақтандырылған. Олардың ішінде - 12 миллион жеңілдікті санаттағы азаматтар: балалар, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және халықтың басқа да топтары. Олар үшін медициналық көмек алу шарттары өзгеріссіз қалады - барлық кепілдіктер сақталады.
Сонымен қатар, миллионға жуық адам жергілікті атқарушы органдардың есебінен сақтандырылады, бұл медициналық көмек алушылардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
А. Амангелдиев сондай-ақ келесі жылы мемлекет медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстарды 300 млрд.теңгеге ұлғайтатынын, бұл тарифтерді көтеруге және тегін қызметтер тізбесін кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Бұл пациенттер мемлекет есебінен, соның ішінде бағдарламалық диализ, онкологиялық және стационарлық көмек бойынша көбірек медициналық қызметтер ала алатынын білдіреді. Мемлекет сақтандырылған азаматтардың емделуіне ақы төлеуді жалғастырады және бұл көмектің көлемі өседі», – деп атап өтті вице-министр.
Ол Денсаулық сақтау министрлігінің барлық жұмысы жеке азаматтың мәселелерін шешуге, сондай-ақ оның өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бөлігінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері талқыланатын пациенттермен және кәсіби қоғамдастықтармен өзара іс-қимыл үшін бірыңғай алаң құру жөніндегі ағымдағы жағдай мен жоспарлар туралы баяндады.
«Біз пациенттердің де, дәрігерлердің де тыңдалғанын және олардың құқықтары орындалғанын қалаймыз. Бірлескен жұмыс көптеген мәселелерді тезірек және тиімді шешуге мүмкіндік береді», - деді Жүсіпов.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген түзетулерді талқылады.
ҚР ДСМ Заң департаментінің директоры Серікболсын Темірханов өзгерістер заңнаманы заманауи шындыққа бейімдеуге, ескірген нормаларды жоюға және құқық қолдану практикасы барысында анықталған нақты мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің бастамалары медициналық көмек жүйесін әділ, ашық және тиімді етуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдауға және пациенттердің құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.