
Денсаулық сақтау министрлігінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша ЮНИСЕФ Өңірлік офисінің халықаралық консультанты Зорица Трикичпен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу тақырыбы – патронаждық қызмет жүйесін дамыту және ерте жастағы балалары бар отбасыларды қолдау. Тараптар жүкті әйелдер мен балалары бар отбасыларға медициналық және психологиялық қолдаудан бастап балаға күтім жасау, тамақтандыру және дамыту жөніндегі ұсынымдарға дейін кешенді көмек алуға мүмкіндік беретін патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделін енгізу мәселелерін талқылады.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының біліктілігін арттыруға және олардың басқа секторлармен — әлеуметтік қорғау органдарымен, әкімдіктермен, жергілікті атқарушы органдармен, психологтармен, қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен, сондай-ақ құқық қорғау құрылымдарымен өзара іс-қимылын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
«Халықаралық әріптестерді қолдау және үздік әлемдік практикаларды енгізу Қазақстанға ерте көмек жүйесін нығайтуға және отбасылар үшін қызметтерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Біз патронаж қызметінің сапасын арттыруға және әрбір отбасы қажетті қолдауды ала алатын жағдайлар жасауға бағдарланғанбыз»,– деп атап өтті Т.Сұлтанғазиев.
ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, қауіптерді ерте анықтауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ата-аналардың психоэмоционалдық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған патронаж қызметкерлеріне арналған білім беру бағдарламалары мен тренингтер іске асырылуда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстандағы әрбір бала қамқор, қауіпсіз және қолдаушы отбасында өсуі үшін патронаждық қызметті дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.