ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА

Бүгін Ташкентте екі мемлекеттің денсаулық сақтау министрлері – Ақмарал Әлназарова мен Асилбек Худаяров, Қазақстанның ӨР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловтың, Өзбекстанның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовтың,  Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Ашин Халакдиннің қатысуымен Өзбекстан Республикасындағы қазақстан медицинасы күндеріне арналған «Қазақстан-Өзбекстан: денсаулық сақтау, технологиялар және кадрлар саласындағы ынтымақтастық» Халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

«Біздің елдеріміз денсаулық сақтаудың тұрақты, қолжетімді және технологиялық жүйелерін дамытуға ортақ ұмтылысты біріктіреді. Қазақстан мен Өзбекстан жаңғырту, кадрлар даярлау, цифрлық трансформация және инновацияларды енгізу сияқты міндеттерді шешуде. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми, технологиялық және кадрлық әлеуетін біріктіру инновациялық денсаулық сақтаудың өңірлік экожүйесін құруға қуатты серпін беретініне сенімдіміз»,

– деп атап өтті А.Әлназарова форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде.

Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Өзбекстанда еліміздің жетекші клиникаларының 100-ден астам маманы Өзбекстанның бес қаласында — Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхара және Нүкісте көшпелі консультациялар, мастер-кластар мен операциялар өткізді.

Осы күндері еліміздің 3000-ға жуық тұрғыны бейінді мамандардан консультация алды, Өзбекстанның Ұлттық медициналық орталығы мен мамандандырылған медициналық мекемелерінде кардиология, онкология, травматология, фтизиатрия бағыттары бойынша 60-тан астам бірлескен күрделі хирургиялық араласу жүргізілді.

Диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылған жылжымалы медициналық кешендерде Сырдария және Жизақ облыстарының ауылдық аудандарының тұрғындарына алғашқы қарап-тексеру жүргізілді.

«Өзбекстанда «Қазақстан медицинасы күндері» сияқты ауқымды іс-шараны өткізу өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, жаңа перспективалық бағыттарды айқындау, озық бастамаларды ілгерілету, алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы ғылыми жетістіктермен және практикалық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдердің өзара саудасын дамыту жолындағы маңызды қадам болды»,

– деп атап өтті Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров өз сөзінде.

Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде Қазақстанның жоғары оқу орындары мен Ташкент мемлекеттік медицина университеті студенттерінің арасында ғылыми олимпиадалар мен спартакиадалар өтті.

➤ А. Әлназарова кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінде Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында Өзбекстанның 700-ге жуық азаматы, ал Ташкент медицина университетінде Қазақстаннан 100-ден астам студент оқиды. Біздің елдеріміз дәрігерлердің жаңа буынын даярлау үшін бірыңғай білім беру кеңістігін құруда.

«Біз тәжірибе алмасу үшін ғана емес, нақты нәтижелер — құтқарылған өмір, елдеріміздің медицинасының кадрлық және технологиялық базасын нығайту үшін күш біріктіруіміз керек»,

– деп атап өтті ол.

Форумның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми орталықтары, жетекші клиникалары, медицина университеттерінің арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.