ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ АҚТӨБЕДЕГІ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДЕГЕН ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСТЫ АТАП ӨТТІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ АҚТӨБЕДЕГІ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДЕГЕН ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСТЫ АТАП ӨТТІ

Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапары шеңберінде  ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақтың алғашқы әйел дәрігерлерінің бірі Аққағаз Досжанованы еске алып, ескерткішке отандық медицина тарихына және оның дамуына үлес қосқандарға құрмет ретінде гүл шоқтарын қойды.

Содан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевпен және М. Оспанов атындағы БҚМУ ректоры Талғар Әбіловпен бірге министр отбасылық медицина клиникасына барып, қызметкерлердің жұмысымен танысып, мекеменің өңір тұрғындарын қолжетімді және сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Министр сонымен қатар университеттің ғылыми кітапханасын және № 5 студенттік жатақхананы аралап көрді. Ол студенттердің өмір сүруі мен оқуы үшін жасалған жағдайларды бағалап, абаттандырылған жатақхана сапалы білім алуға және студенттердің белсенді өмір сүруіне ықпал ететінін атап өтті.

Ақмарал Әлназарова университеттің өңірде сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлау жөніндегі жұмысын ерекше атап өтті.

- Биылғы жылы бітірген түлектердің 97,9%-ы жұмысқа орналасқаны қуантады. Ауылдық жерлерде 132 маман жұмыс істейді, олардың көпшілігі бейіндік мамандықтардың түлектері.

Биыл алғаш рет ҚР Денсаулық сақтау министрлігі педиатриялық бейіндегі резидентура бағдарламалары бойынша қосымша мемлекеттік гранттар бөлді.

«М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ-дан: балалар анестезиологиясы және реаниматологиясы, балалар оториноларингологиясы, балалар неврологиясы, балалар жұқпалы аурулары, балалар аллергологиясы және иммунология, балалар гастроэнтерологиясы, балалар жақ-бет хирургиясы, сондай-ақ балалар травматологиясы және ортопедия сияқты резидентураның сегіз мамандығына өтінім берілді.

Мемлекеттік тапсырыстың 15 орнының 12-сі игерілді. Ағымдағы жылы педиатриялық бағыт бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын ашу өңірдің балалар денсаулығы жүйесі үшін кадрлар даярлаудағы маңызды қадам болып табылады.

Сонымен қатар, М. Оспанов атындағы БҚМУ Медициналық орталығының онкологиялық бөлімшесінің мамандарымен кездесу барысында министр онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің маңыздылығын атап өтті.

Жұмыс сапарын аяқтай отырып, Ақмарал Әлназарова облыстық көпбейіндң аурухана жанындағы жасанды интеллект базасында жұмыс істейтін ахуалдық орталыққа барып, медициналық қызметтердің сапасын арттырудағы заманауи цифрлық шешімдердің тиімділігін жоғары бағалады.