ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕКТІ ДАМЫТУ: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМНІҢ ӘЛЕУЕТІ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕКТІ ДАМЫТУ: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМНІҢ ӘЛЕУЕТІ

Астанада өткен халықаралық медициналық туризм форумы аясында Қазақстанның онкология саласындағы жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл — қазіргі заманғы медицинаның стратегиялық маңызы бар, халық денсаулығын сақтауға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған басты бағыттарының бірі.

Онкология — жаһандық сын-қатер және ұлттық басымдық

Қатерлі ісіктер әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелерінің бірі болып отыр. Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау мен тиімді емдеуді қамтамасыз ететін кешенді стратегия жүзеге асырылуда.

Ұлттық деңгейде ісіктің алдын алу және ісік ауруларын ерте анықтауға бағытталған жаппай скринингтік тексерулер енгізілген. Бұл тәсіл емнің тиімділігін арттырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан — онкологиядағы заманауи технологиялар орталығы

Елдің жетекші онкологиялық орталығында әлемнің алдыңғы қатарлы клиникаларында қолданылатын диагностика мен емдеудің жаңа технологиялары шоғырланған:

● протондық, лазерлік, сәулелік және жасушалық-иммундық терапия,

● ядролық медицина технологиялары,

● қатерлі ісіктерді анықтауда және емдеуде қолданылатын молекулалық-генетикалық зерттеулер мен жасанды интеллект.

Интервенциялық радиологиямен біріктірілген Эксперттік эндоскопия орталығында күрделі онкологиялық патологияларды аз инвазивті әдістермен диагностикалау және емдеу жүргізіледі.

Ядролық медицина саласындағы Орталық Азия көшбасшысы

Қазақстан — ПЭТ-диагностикаға (позитронды-эмиссиялық томография) және радиофармацевтикалық препараттардың отандық өндірісіне кеңінен қолжетімділікті қамтамасыз етіп отырған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.

- Бүгінгі таңда:
● ел клиникаларында 14 ПЭТ-сканер орнатылған;

● 11 ядролық медицина орталығында гибридті ПЭТ-КТ құрылғылары жұмыс істейді;

● онкологиялық ауруларды, Паркинсон және гиперинсулинизм дерттерін анықтауға арналған 10 түрлі радиофармпрепарат өндіріледі.

Соматикалық ауруларды диагностикалауда отандық реакторда өндірілетін технеций (Tc) изотопы пайдаланылады. Ал тераностиканың екі орталығында онкологиялық ауруларды нысаналы емдеу үшін қазақстандық изотоптар қолданылады.

Алдағы жылдары жаңа молекулалар мен дәрілік препараттарды әзірлеуге арналған доклиникалық зерттеулер зертханасы ашылатын болады.