ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ: ТРАВМАТОЛОГИЯ МЕН ОРТОПЕДИЯДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ: ТРАВМАТОЛОГИЯ МЕН ОРТОПЕДИЯДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР

Бүгін Қарағандыда «Травматология, ортопедия және реабилитациядағы заманауи тәсілдер. Инновациялар және тәжірибелік қолдану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

Іс-шара профессор Хафиз Мақажановтың туғанына 110 жыл толуына және «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ-ның 75 жылдығына арналды. Хафиз Мақажанов – Қарағанды облысындағы травматология қызметінің негізін қалаушы.

Конференцияның ұйымдастырушысы – Қазақстан травматолог-ортопедтердің  қауымдастығы (ҚАТО), ал іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтуде.

Форумға Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да елдердің жетекші профессорлары мен тәжірибелі хирургтері қатысуда. Әсіресе, Қытайдан келген әріптестер белсенділік танытып, ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

- Қазақстанда алғаш рет конференция аясында кадаверлік курс өтеді, бұл хирургтердің анатомиялық материалмен жұмыс істеп, күрделі операцияларды клиникалық жағдайға барынша жақын ортада талдайтын бірегей оқыту форматы.

Мұндай тәжірибе АҚШ пен Еуропаның жетекші медициналық орталықтарында кеңінен қолданылады және мамандардың біліктілігін арттырудың маңызды құралы болып саналады.

Конференцияның көрме және ғылыми алаңдарында әлемдік травматология мен ортопедияның заманауи технологиялары — роботтандырылған хирургиялық жүйелер, 3D-жоспарлау, ревизиялық эндопротездеу және жасушалық технологиялар ұсынылды.

Қазақстандық ғалымдар мен хирургтер, соның ішінде академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының (ҰҒТОО) мамандары жоғары технологиялық хирургия саласындағы өз әзірлемелерін және жетістіктерін таныстырады.

- Конференция бағдарламасына балалар травматологиясы мен ортопедиясы, эндопротездеу, артроскопия, омыртқа бағаны хирургиясы, реабилитация және басқа да бағыттар бойынша тақырыптық секциялар енгізілген.

Алғаш рет пациенттердің жарақат пен операциядан кейінгі қалпына келуінде мейіргерлік күтімінің рөліне ерекше назар аударылады.

Қарағандыдағы халықаралық кездесу тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар , білім алмасу, инновацияларды енгізу және Қазақстандағы медициналық туризмді дамытуға бағытталған стратегиялық алаң болмақ.