Бүгін, Қазақстандағы XII Азаматтық форум қарсаңында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері үкіметтік емес ұйымдармен «Қант құрамды сусындарды реттеу – инфекциялық емес аурулардың алдын алудың бір шарасы ретінде» тақырыбында кездесу өткізді.
Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі қатысты.
Кездесуде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимылдың қоғам денсаулығын нығайту және инфекциялық емес аурулардың алдын алу бағытындағы маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында қант құрамды сусындарды тұтынуды реттеу бойынша ұсынылып отырған шаралар талқыланды. Мұндай шаралар көптеген елдерде семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін төмендетуде тиімділігін дәлелдеген.
Қазақстан бұл бағытта ұлттық стратегиялар мен бағдарламалар шеңберінде жүйелі түрде қадамдар жасап келеді. Ерекше назар ақпараттық-ағартушылық іс-шараларға, өндірушілер тарапынан қант мөлшерін ерікті түрде азайтуға, сондай-ақ салықтық және маркетингтік шектеулер саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге аударылуда.
Кездесуге қатысушылар ҮЕҰ, ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен бизнестің қатысуын қамтитын кешенді саларалық тәсілдің қажеттілігін атап өтті.
Осындай тәсіл халық арасында салауатты әдеттерді қалыптастыруға және қант тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған теңгерімді әрі тиімді саясат әзірлеуге мүмкіндік береді.