ТАҢДАУ ПАЦИЕНТТЕ: ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР ҮШІН БІРЛЕСІП ТӨЛЕУ ТЕТІГІ ЕНГІЗІЛЕДІ

ТАҢДАУ ПАЦИЕНТТЕ: ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР ҮШІН БІРЛЕСІП ТӨЛЕУ ТЕТІГІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін – дәрілер үшін бірлесіп төлеу жүйесін іске қосуда. Пилоттық жоба 2025 жылы Астана қаласында басталып, қолданыстағы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін толықтыратын болады.

Жаңа тетік қолданыстағы тегін рецепт арқылы дәрі алу тәртібін өзгертпейді. Азаматтар бұрынғыдай кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектерін ақысыз ала алады.

Сонымен қатар пациенттерге бірлесіп төлеу жүйесіне қатысушы дәріханалардан басқа препаратты таңдау мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте тегін дәрі алу құқығы сақталады.

Бірлесіп төлеу тетігі пациенттерге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік береді: дәріні тегін алу немесе заманауи препаратты таңдап, оның құнының бір бөлігін өз есебінен төлеу.

 

Төлем мөлшері – халықаралық патенттелмеген атауы бойынша белгіленген шекті баға мен таңдалған препарат құнының айырмашылығы шегінде жүргізіледі.

 

Бірінші кезеңде тетік «артериялық гипертензия» ауруы бойынша енгізіледі. 2024 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 3,3 миллион пациент, оның ішінде 1,2 миллионы артериялық гипертензиямен ауыратындар дәрі алған.

 

Төлем «eGov» мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы, QR-коды бар электрондық рецепт негізінде жүзеге асырылады. Пилоттық жобаны қаржыландыру амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бекітілген бюджеті шегінде жүргізіледі.

 

Бірлесіп төлеу тетігін енгізу – емделу нәтижелілігін жақсартуға және ауру асқынуларын, мүгедектік пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған.

 

Бірлесіп төлеу жүйесі - мүмкіндіктерді шектемейді, керісінше кеңейтеді, пациентке таңдау еркіндігін беріп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің икемділігі мен ашықтығын арттырады.