Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту онкологиялық қызметті жаңғыртудың маңызды бағыты болады. 2028 жылға қарай пациенттерді ПЭТ/КТ диагностикасымен 100% қамтуды қамтамасыз ету және радионуклидтік терапияға қолжетімділікті кеңейту жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2024 жылы 231 мыңнан астам онкологиялық пациент динамикалық бақылауда болды. Соңғы бес жылдың ішінде сырқаттанушылық 18%-ға, алғаш рет анықталған жағдайлардың саны 39%-ға өсті, бұл ретте өлім 16,5%-ға төмендеді.
Диагностика мен емдеудің тиімділігін арттыру үшін ядролық медицинаны дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді, ол мыналарды көздейді:
- ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық іс-шаралар;
- нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
- диагностикалық және тераностикалық технологияларды енгізу;
- ядролық физика институтының базасында радиофармпрепараттар өндірісін кеңейту;
- мамандар — дәрігерлер, физиктер, химиктер және технологтар даярлау.
Бұл шаралар Мемлекет басшысының денсаулық сақтауда, әсіресе онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде озық ядролық технологияларды қолдану туралы тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылуда.
«Бүгінде негізгі жүктеме Астана мен Алматыға тиесілі, онда 16 ПЭТ-аппараттың 12-сі шоғырланған. Аппараттар санының артуы мұқтаж пациенттерді толық қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ядролық медицина қуатын жаңғыртудың есебінен медициналық туризмді дамыту жоспарлануда»,
— деп атап өтті ведомствода.
Жоспарларға сәйкес 2028 жылға қарай ПЭТ аппараттарының саны 16-дан 27-ге дейін артады. Бес тірек қалада радионуклидтік терапия үшін 100-ден астам «белсенді палата» құрылады.
Бүгінде елімізде йод-131 қолдану арқылы емдеуге арналған 23 палата жұмыс істейді, ал 101-ге қажеттілік бар. 2028 жылға дейін олардың саны 98-ге өседі, бұл пациенттердің 48%-на дейін қамтуға мүмкіндік береді. Сондай ақ терапияның жаңа технологияларын енгізу жоспарлануда:
- 2028 жылдан бастап — лютеций-177,
- 2029 жылдан бастап — самарий-153,
-2031 жылдан бастап — актиний-225.
Радиофармпрепараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым кеңейтіледі: қолданыстағы бес циклотрондық кешенге Ядролық физика институтының базасында жаңасы қосылады.
Ядролық медицинаның дамуын үйлестіруді өндірістік қуаты және МАГАТЭ-мен халықаралық әріптестігі бар Ұлттық ғылыми онкология орталығы өз мойнына алады. Технологиялар трансфері бойынша бірлесіп орындаушы ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы болады.
Қабылданған шаралар онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыруға, диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізуге, обырдың кеш сатыларын емдеуге арналған бюджет шығыстарын азайтуға және Қазақстанның ядролық медицина саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.