АЛМАТЫДА АНЕСТЕЗИОЛОГТАР МЕН РЕАНИМАТОЛОГТАРДЫҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТУДЕ

АЛМАТЫДА АНЕСТЕЗИОЛОГТАР МЕН РЕАНИМАТОЛОГТАРДЫҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТУДЕ

Алматыда «Акушерлік және неонатологиядағы анестезиология мен қарқынды терапияның өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтуде.

Ұйымдастырушылар «Анестезиологтар мен реаниматологтар федерациясы» РҚБ, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы болды.

Іс-шараның салтанатты ашылуына қазақстандық және шетелдік мамандар қатысты. Қатысушыларға еліміздің мамандандырылған ғылыми орталықтарының өкілдері және Түркия мен Ресейдің жетекші сарапшылары құттықтау сөз сөйледі.

Шетелдік делегаттар конференцияны ұйымдастырудың жоғары деңгейін, Қазақстанның анестезиологиялық қызметінің жұмысын атап өтіп, шақырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Анестезиологтар мен реаниматологтар федерациясының президенті профессор Ерғали Миербеков жүкті, босанатын әйелдердің және жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау Қазақстан денсаулығының басым бағыты болып табылатынын, ал конференцияның өзі кәсіби қоғамдастық пен халықаралық байланыстарды нығайту үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті.

Конференцияның бағдарламасына ресейлік және түрік мамандарының мастер-кластары, сондай-ақ күрделі жүктілік кезіндегі анестезия, босану кезіндегі ауырсынуды басудың заманауи әдістері, ана мен нәресте өлімін азайту, перзентханалар мен перинаталдық орталықтарды кадрлармен қамтамасыз ету, акушерлік және неонатологияда инновацияларды енгізу мәселелері бойынша пленарлық отырыстар мен пікірталастар кіреді.