Бүгін Қазақстан Республикасының Бас санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова ОКҚ-де өткен брифингте үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал туралы есеп берді.
Ол БАҚ өкілдерін инфекциялық аурулардың динамикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі, сондай-ақ инфекциялардың таралуын болдырмау және олардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Бірінші кезекте С. Бейсенова жүйелі профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың арқасында елімізде 21 қауіпті инфекциялық аурудың, оның ішінде оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі және т.б. жағдайлары тіркелмегенін атап өтті.
Бұдан басқа 33 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі тіркелді. Атап айтқанда, А вирустық гепатиті 2,5 есе, коронавирус инфекциясы – 1,6 есе, туберкулез – 12,6%-ға, қызылша – 91%-ға, көкжөтел сегіз есе азайды.
«Эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін нысаналы жастағы балаларды вакцинациямен қамту қажет. Вакцинация – бұл баланы қызылша және көкжөтел сияқты инфекциялық аурулардан қорғаудың ең сенімді және расталған тәсілі. Иммундық профилактиканың арқасында біз ұжымдық иммунитетті құрып, медициналық көрсетілімдер бойынша екпе ала алмайтын адамдарды қорғай аламыз. Елімізде қолданылатын вакциналар халықаралық стандарттарға және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді. Вакциналар қолдану алдында сапасы мен қауіпсіздігіне қатаң бақылаудан өтеді», – деді ата-аналар қауымдастығына жүгіне отырып Сархат Бейсенова.
Толықтыра иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы 191 мыңнан астам бала және көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы 235 мыңнан астам бала егілді.
Елдің бас санитариялық дәрігері ЖРВИ және тұмау маусымы туралы еске салды. Мысалы, қыркүйек айында 293 мың ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылға қарағанда 1,6 есе аз. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша алдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының үш штаммы өзекті болады: A (H1N1), A (H3N2) және B. Бұл штаммдар ағымдағы маусым вакцинасының құрамына енгізілген.
Халықты қорғау мақсатында 2,1 млн «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды, ол азаматтардың жекелеген санаттарына, соның ішінде Д есебіндегі балаларға, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге, жүкті әйелдерге, егде жастағы азаматтарға және басқа да осал топтарға ерікті түрде тегін беріледі.
Спикер қарапайым профилактика шараларын сақтау қажеттігін еске салды: адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, үй-жайларды желдету, қол гигиенасын сақтау, науқас адамдарды оқшаулау және алғашқы белгілері пайда болғанда өзін-өзі емдеумен айналыспай дәрігерге жүгіну.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет эпидемиологиялық ахуалға үнемі мониторинг жүргізуді жалғастырады.
Елдің медициналық ұйымдары алдағы эпидемиологиялық маусымға дайын екенін растады.
Профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде, қажетті дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының қоры қалыптастырылды, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық тамақтану объектілерінің санитариялық жағдайын бақылау күшейтілді.