Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы шеңберінде ДДҰ бас директоры доктор Тедрос Гебрейесус, ДДҰ Еуропалық бюросының басшысы доктор Ханс Клюге, МСАК бойынша ДДҰ Еуропалық орталық офисінің басшысы Мелитта Якабтың, БҰҰ Халық қоры (ЮНФПА) атқарушы директоры Диена Кейттің қатысуымен «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету кезіндегі саяси экономика: саясаттағы негізгі өзгерістер» тақырыбында жоғары деңгейдегі іс-шара өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, 80-нен астам елдің делегаттары, оның ішінде 30-ы денсаулық сақтау және сыртқы істер министрлері деңгейінде қатысты.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша кездесу барысында «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық коалиция: теңдік пен өміршеңдікке қатысты саяси міндеттемелер мен уәделерді кеңейту» және «Барынша ауқымды әлеуметтік мақсаттар мен даму мақсаттарына қол жеткізу үшін саясаттың негізгі бағыттары» тақырыптарында екі панельдік пікірталас өтті.
Денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова өз сөзінде Қазақстан Президентінің үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың күш-жігерін біріктіру үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастамасын еске салды.
Ол Мемлекет басшысының форумға қатысушыларға МСАК мәселелері жөніндегі жаһандық коалицияны белсенді қолдауға және оған қосылуға шақырған құттықтауын оқыды.
«Бүгінде әлем денсаулық сақтау саласында өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлерге тап болып отыр.
Ешбір ел бұл қиындықтарды жалғыз жеңе алмайтыны анық. Бұл Коалиция саяси ерік-жігерді жұмылдыру, ресурстарды әділ бөлу, инновацияларды қолдау және озық тәжірибелермен алмасу тетігі болуға арналған. Коалицияның басты мақсаты - ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайту, медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтеріне жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ пандемиядан созылмалы аурулардың өсуіне және демографиялық өзгерістерге дейінгі болашақ сын-қатерлерге елдердің дайындығын арттыру»,
– делінген үндеу мәтінінде.
Министрдің айтуынша, алғашқы көмек соңғы жылдары айтарлықтай жаңартулардан өтті. Біздің МСАК саясатымыздың негізгі элементі мультдисциплиналық командаларды енгізу болып табылады. Бұл командаларға медициналық алғашқы көмек дәрігерлері, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер кіреді. Олардың негізгі миссиясы - қосалқы патологиясы бар пациенттердің жағдайын жан-жақты бағалауды қамтамасыз ету, жеке емдеу және бақылау жоспарларын әзірлеу, медициналық көмектің әртүрлі деңгейлері арасындағы сабақтастықты сақтау.