Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар туралы қосымшаның тұсаукесері өтті

Қазақстанда COVID-19  жұқтырғандар туралы қосымшаның тұсаукесері өтті

ҚР-да коронавирус инфекциясының таралуын және қазақстандықтардың қауіпсіздігін бақылау үшін «Saqbol» қосымшасы әзірленді. Жаңа қосымша пайдаланушылар үшін мүлдем қауіпсіз, өйткені ол азаматтар туралы жеке дерекке қол сұқпайды.  

     «Қосымша осы бағдарлама орнатылған басқа құрылғылармен бірігіп жасырын түрде байланыс құралдарын іздейді. Оны пайдалану үшін тіркеудің қажеті жоқ. Бағдарлама адам туралы жеке дерек,  оның тұрған жері жайлы  ақпарат  жинамайды немесе жібермейді. Хабарландыруды іске қосқан кезде, бағдарлама автоматты немесе жасырын түрде басқа пайдаланушыларға хабарлайды. Осылайша, бұл қосымша азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және індет жұқтырған адамдармен байланыста болғаны  туралы уақытылы хабардар етуге көмектеседі», - деді тұсаукесерде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

     Қосымшаны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ әзірледі. Бұл COVID-19 анықталған азаматқа хабарлама функциясын іске қосуға, қосымшаның басқа пайдаланушыларына соңғы 14 күн ішінде екі метрден жақын қашықтықта және 15 минуттан астам уақыт ішінде науқаспен  байланыста болғаны туралы жасырын түрде ескертуге мүмкіндік береді. Хабарлама алған пайдаланушылар қосымшада Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымымен таныса алады.

    Басқа құрылғылармен өзара байланыс жазбалары шифрланған, бұл деректерді қорғауға мүмкіндік береді.

     «Saqbol» қосымшасын пайдалану үшін оны смартфонға жүктеп, шифрланған деректер берілетін Bluetooth функциясын қосу керек.

     «Азаматтарды осы қосымшаны пайдалануға, жауапкершілікпен қарауға  және инфекциямен күреске белсенді атсалысуға  шақырамын. Телефон ешқандай жеке деректі немесе адам орналасқан жері туралы мәлімет жібермейтінін ескерген жөн. Сіздің кіммен байланыста болғаныңызды  және қайда барғаныңызды ешкім біле алмайды» - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

     Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін қосымшаға COVID-19 өз бетінше диагностика жасайтын ресми бот, i-Doctor, i-Teka ресми, сондай-ақ Қазақстан бойынша COVID-19 қатысты негізгі статистика сияқты қызметтер біріктірілген.