Биыл алғаш рет, 15 қыркүйекте санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Енді күнтізбедегі бұл күн СЭС қызметкерінің күні ретінде белгіленеді.
Бүгінде республика бойынша 12 мыңнан астам маман ауыз судың, тамақ өнімдерінің сапасын, қоршаған ортаның жай-күйін бақылай отырып, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың таралуын болдырмай, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің құттықтау сөзінде СЭС мамандарының халықтың денсаулығын қорғаудағы және биологиялық қауіпсіздікті нығайтудағы басты рөлін атап өтті.
«Болашақ сақтық медицинасына жатады - екі ғасыр бұрын айтылған бұл сөз тіркесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Сіздерің жұмыстарыңыздың арқасында елде қауіпті инфекциялар жойылды, эпидемияларға, соның ішінде COVID-19 пандемиясы кезінде сенімді тосқауыл қойылды. Сіздер тәулік бойы елдің санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етесіздер. Таңдалған іске батылдықпен қызмет еткендеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін», — деді министр.
Салтанатты іс-шарада қызметтің 400-ге жуық үздік қызметкерлері мен ардагерлері санитариялық-эпидемиологиялық қызметті дамытуға қосқан зор үлесі және көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Осылайша, қызмет қызметкерлеріне Премьер-министрдің атынан 80 Алғыс хат және Денсаулық сақтау министрінің 3 Құрмет грамотасы табыс етілді.
Санитариялық дәрігерлер мен эпидемиологтардың қажырлы еңбегі «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің атынан алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Көп жылдық жұмысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың заманауи жүйесін дамытудың берік негізін қалаған қызмет ардагерлеріне ерекше назар аударылды.
«Сіздердің еңбектеріңіз мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметке денсаулық сақтау жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болуға мүмкіндік берді, ал тәжірибе дәстүрлерді сақтауға көмектеседі және жас мамандарға үлгі болады», — деп атап өтті А.Әлназарова.