Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бастамашылық жасалған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде жоспарланған 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының 540-ы салынды, тағы 115-і ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады, деп хабарлады бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Бұл ретте 200-ге жуық ауылдық елді мекенде алғаш рет жаңа медициналық мекемелер пайда болды және медициналық көмек ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болды.
«346 нысан ескірген ғимараттардың орнына, 194 нысан бұрын медициналық инфрақұрылыммен қамтылмаған ауылдарда салынды. Жоба бойынша барлығы 260 медициналық пункт, 235 ФАП және 160 дәрігерлік амбулатория салынады», - деді Т.Мұратов.
Әрбір нысанның жобасы бірыңғай стандарттар бойынша әзірленеді және оған телемедицина, физиотерапия кабинеттері, дәріхана пункттері, емдік дене шынықтыру залдары кіреді. Олар үшін жабдықтардың 70%-дан астамын отандық кәсіпорындар өндіреді.
Сонымен қатар 32 аудандық орталық аурухана, 12 жұмыс істеп тұрған көпбейінді аудандық орталық аурухана және 20 жұмыс істеп тұрған аудандық орталық аурухана жаңғыртылады.
Бүгінгі таңда 10 КАОА құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтады, қалғандары 2026 жылдың соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтайды.
Олардың базасында инсульт және жүрек орталықтары, хирургия, травматология, оңалту және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Теміртау, Балқаш, Жаңаарқа, Үржар, Шу, Мерке, Талас және Бейнеу қалаларында сегіз аурухана қайта құрылды.
Денсаулық сақтау вице-министрі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталды. Ұлттық жобаның шеңберінде ауылдық медициналық ұйымдарда жұмыс істеу үшін 1100-ден астам маман даярлау жоспарлануда.
Ұлттық жобаны іске асыру кезеңінде ауылдық ұйымдарға 1009 медицина қызметкері жіберілді және жұмысқа орналастырылды, оның ішінде МСАК нысандарына - 55 жалпы практика дәрігері, 168 орта медицина қызметкері, аудандық ауруханаларға 400-ден астам бейінді дәрігер және 380-ден астам мейіргер жұмысқа орналасты.
Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының шеңберінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді.
Сонымен, 2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 ЕТЖ – 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда.
Аталған шаралар кешені ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.