ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫНДА ТАМАҚТАНУДЫҢ ЖАҢА СТАНДАРТЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫМЕН ТАНЫСТЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ МЕКТЕП АСХАНАЛАРЫНДА ТАМАҚТАНУДЫҢ ЖАҢА СТАНДАРТЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірлесіп Абай Құнанбаев атындағы №87 гимназия мен Астана қаласындағы №99 жалпы білім беретін мектепке барды.

Сапар барысында ведомство басшылары мектептегі тамақтанудың жаңа стандартының енгізілуімен, сондай-ақ ағымдағы жылы ашылған стоматологиялық кабинеттердің жұмысымен танысты.

Бірінші баратын жер мектеп асханасы болды, онда басшылар тамақтанудың ұйымдастырылуын тексеріп, жаңа стандартқа сай дайындалған тағамдардың дәмін татты.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді, онда алғаш рет семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында тұздың 5 есеге дейін және қанттың 3,6 есеге дейін шектелуі бекітілді.

Сондай-ақ, құжат диеталық қажеттіліктері бар оқушылардың, соның ішінде тағамдық аллергиясы және глютенге төзбеушілігі бар балалардың тамақтануына назар аударады.

Жаңартылған мәзірде балық пен сүт өнімдері, көкөністер, жемістер, бұршақ дақылдары мен дәнді дақылдар ерекше орын алады. «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы енгізілді — бұл пісірілген тағамдардың қанша бөлігі табақтарда қалатынын көрсететін көрсеткіш.
Екінші негізгі бағыт - «Болашаққа сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде мектеп стоматологиясын дамыту. Оқу-ағарту министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп 150-ге жуық стоматологиялық кабинет ашылды, жыл соңына дейін олардың саны 240-тан асады, ал 2028 жылға қарай Қазақстан мектептерінде 1000-нан астам осындай кабинет жұмыс істейтін болады.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, балалардың арасында тісжегінің жоғары таралуын ескере отырып, мектеп стоматологиялық кабинеттері ауру деңгейін төмендетуге және өскелең ұрпақтың ауыз қуысына күтім жасау мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

«Балаларымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы. Мектеп әр бала физикалық және рухани жағынан күшті болатын кеңістік болуы керек. Сауықтыру-педагогикалық тәсілге баса назар аудара отырып, саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру сапалы оқытудың ажырамас бөлігі болып табылады», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

«Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін нығайту, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді даму үшін жағдай жасау туралы тапсырмасы бойынша біз мектеп медицинасын дамыту шеңберінде оқушылардың денсаулығын жақсарту үшін бірқатар маңызды қадамдарды қабылдадық. Бүгін біз дұрыс тамақтану стандартына негізделген жаңа мектеп мәзірінің енгізілгенін көрдік. Енді балалардың диетасында жаңа және пайдалы тағамдар көп. Биыл бірқатар мектептерде балалар тегін профилактикалық көмек ала алатын стоматологиялық кабинеттер ашылды. Бұл шаралардың барлығы ағзаның өсуінің ең маңызды кезеңінде балаларды сауықтыруға және жас кезінен бастап өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті А. Әлназарова.

Екі ведомство басшылары саламатты тамақтану стандарттарын енгізу, мектеп медицинасын дамыту және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз білім беру ортасын құру жөніндегі бірлескен бастамаларды белсенді іске асыра отырып, балалардың денсаулығын сақтау ісінде өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті.