СКРИНИНГ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТТЕР: МАҚСАТТЫ ТОПТАР, АУРУЛАР, ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?

СКРИНИНГ ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТТЕР: МАҚСАТТЫ ТОПТАР, АУРУЛАР, ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?

Скрининг – бұл аурудың алғашқы белгілері байқалмай тұрып, денсаулық жағдайын алдын ала тексеру. Адам өзін жақсы сезінгенімен, денесіндегі кейбір алаңдатарлық белгілерді байқамауы немесе маңыз бермеуі мүмкін.

Дәл осы кезде скрининг аурудың бастапқы кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл адамға өмір салтын дер кезінде өзгертуге кеңес беруге, қажет болса емдеуді ертерек бастауға жол ашады.

Скринингтік тексерулер аурудың асқынуына жол бермей, мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін ауыр зардаптардан қорғауға көмектеседі.


СКРИНИНГТЕН ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ӨТУГЕ БОЛАДЫ?
Скринингтен өту тәртібі мен көлемі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекспен реттеледі.

Аталған Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексерулер мен скринингтік зерттеулерден міндетті түрде өтуі тиіс.

Тіпті ешқандай шағым немесе белгілер болмаған күннің өзінде скрининг тексеруінен өту – өз денсаулығыңызға сенімді болудың ең тиімді жолы.

Скринингтер тегін жүргізіледі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің шеңберінде.

Скринингтен тіркелген емханаңызда өте аласыз. Жеке куәлігіңіз болуы жеткілікті.


СКРИНИНГ ҚАНДАЙ АУРУЛАРДЫ АНЫҚТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН?

Скринингтік тексерулер келесі ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға бағытталған:
- Жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары (артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы);
- Қант диабеті;
- Глаукома;
- Сүт безі қатерлі ісігі;
- Жатыр мойны қатерлі ісігі;
- Тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі (колоректалды обыр);
- В және С вирустық гепатиттері;
- Ми қан айналымының бұзылыстары.
Бұрын онкоскринингтер тек сақтандырылған азаматтар үшін ғана қолжетімді болса, 2025 жылдан бастап олар ТМККК пакетіне енгізілді. Енді бұл тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін қолжетімді.


ҚАНДАЙ ЖАСТАҒЫ АЗАМАТТАР СКРИНИНГТЕН ӨТЕДІ ЖӘНЕ ҚАНША ЖИІ?

Скринингтен өту жас ерекшеліктеріне қарай төмендегідей жүргізіледі:

Артериялық гипертония және ишемиялық жүрек ауруы – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
Қант диабеті – 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
Глаукома – 40–76 жас аралығындағы азаматтар;
Сүт безі қатерлі ісігі – 40–76 жастағы әйелдер;
Жатыр мойны қатерлі ісігі – 30–74 жастағы әйелдер;
Колоректалды қатерлі ісік – 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер;
В және С вирустық гепатиттер – келесі топтарда:
- медицина қызметкерлері;
- жоспарлы және шұғыл операция алдында жатқан науқастар;
- гемодиализ, гематология, онкология, трансплантология орталықтары мен бөлімшелеріндегі емделушілер;
- қан құю, трансплантация (ағзалар, тіндер, жасушалар), жүктілік кезінде.

Ми қан айналымының бұзылыстары – 50–76 жастағы ер адамдар.

Скринингке тіркелген емханаңызда жеке куәлігіңізбен баруыңыз қажет


НЕГЕ СКРИНИНГТІ ЕСКЕРМЕУГЕ БОЛМАЙДЫ?

Көптеген аурулар ерте кезеңде ешқандай белгісіз өтеді. Сіз қауіпті дерттің дамып жатқанын білмей қалуыңыз мүмкін.
Скрининг – ауруды оның клиникалық белгілері пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді. Ерте басталған ем – тиімді әрі нәтижелі.
Скринингтің пайдасы:
- Созылмалы және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі;
- Халық өмірінің ұзақтығы мен сапасының артуы;
- Өз денсаулығына деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

СКРИНИНГКЕ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?

Скринингке жазылу үшін:
- емхана регистратурасына хабарласыңыз;
- call-орталыққа қоңырау шалыңыз;
- медициналық ұйымның мобильді қосымшасы немесе порталы арқылы жазылыңыз

Көп жағдайда учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелер тұрғындарды жас және басқа критерийлер бойынша тізімдеп, өздері шақырады.


СКРИНИНГТЕН КЕЙІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Егер скрининг нәтижесінде қандай да бір ауытқулар анықталса, сіз нақты диагноз қою үшін қосымша тексеруге немесе маманға жіберілесіз.
Ауру расталған жағдайда – емдеу мен бақылау тағайындалады.
Егер ешқандай ауытқу болмаса – денсаулығыңыздың жақсы күйде екендігі расталып, алдын алу бойынша кеңес аласыз.


ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАДІРЛЕҢІЗ – СКРИНИНГТЕН УАҚЫТЫНДА ӨТІҢІЗ!

Аурудың алдын алу – емдеуден әлдеқайда жеңіл, тиімді және арзан. Скрининг – бұл сіздің құқығыңыз, әрі болашағыңызға салынған инвестиция.